Елімізде енді 11 мың шақырым жол ақылы болады

18 Қыркүйек 2020, 04:10
2003
Бөлісу:
Елімізде енді 11 мың шақырым жол ақылы болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда тағы да ақылы жолдар пайда болады. 2024 жылдың соңына дейін 11 мың шақырым жолға халық ақша төлеп жүреді. Бұл – еліміздегі жолдардың 45 пайызы.

КТК арнасының хабарлауынша, 4 жыл бойы кезең-кезеңімен пайдалануға берілетін ақылы автобанға 25 миллиард теңге жұмсалмақ. 2021 жылдың мамырына дейін 5800 шақырымдық жол қайта жөнделеді.

Енді Орал, Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда, Павлодардан Ресейдің кейбір қаласына бет алған жүргізушілер жол азабынан құтылады. Шымкенттен, Атыраудан Өзбекстан шекарасымен шектесетін тасжолға да алдағы уақытта ақша төлеу керек.

Қазақстанның ішкі жолдары да жаңарады. Қапшағай - Талдықорған, Қызылорда мен Тараз арасы, Ақтау - Бейнеу, Павлодардан Қалбатауға Семей арқылы бару оңайырақ бола түспек.

Әзірге көлік түрлеріне арналған құнның қанша болары белгісіз. Оны әр аймақтың қоғамдық кеңесі шешуі тиіс. Бүгінде елімізде осындай төрт бағытта ақылы жол бар. Олар – Нұр-Сұлтан - Щучинск, Нұр-Сұлтан - Теміртау, Алматы - Қапшағай және Алматы - Қорғас бағыттары.

Өзгелердің жаңалығы