Елімізде банктердің активтері бір айда 1,53 трлн теңгеге өскен

5 Тамыз 2022, 14:25
1318
Бөлісу:
Елімізде банктердің активтері бір айда 1,53 трлн теңгеге өскен

Қазақстанда шетелдік үлеспен 13 банк қызмет етіп жатыр. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Агенттік мәліметіне қарағанда, 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 22 екінші деңгейдегі банк бар. Оның ішінде 13-і шетелдік үлеспен болса, соның арасында 10-ы еншілес банк.

2022 жылғы маусым айында банк секторының жиынтық активтері 5,7 пайызға артқан. Бұл негізінен өтімді активтердің 10,2 пайызға немесе 1,53 трлн теңгеге өсуі есебінен болды. 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша активтер 39,23 трлн теңгені құрады.

Екінші деңгейдегі банктердің 11,41 трлн теңгеден астам немесе активтердің 29,1 пайызын құрайтын өтімділігі жоғары активтерінің елеулі қоры бар. Еркін өтімділіктің болуы банктерге өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді, - деп аталып өткен хабарламада.

Банк секторының міндеттемелері маусым айында негізінен клиенттер салымдарының 8,3 пайызға ұлғаюы есебінен 7,1 пайызға өсті және 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 34,7 трлн теңгені құрады.

Банк секторы міндеттемелерінің құрылымына тоқталсақ, ол негізінен депозит портфельін қамтып отыр. Бұл тұрғыда банктердің жиынтық міндеттемелерінің 76,2 пайызын немесе шамамен 26,44 трлн теңгені құрады.

Өзгелердің жаңалығы