Елімізде армиялық қоян-қолтық ұрыстан ТМД чемпионаты өтті

27 Қыркүйек 2019, 23:03
2003
Бөлісу:
Елімізде армиялық қоян-қолтық ұрыстан ТМД чемпионаты өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жеті мемлекеттен келген армиялық қоян-қолтық ұрыстың  үздік өкілдері ТМД чемпионы атағы үшін сынға түсті, де хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің 80-нен астам әскери спортшылары армиялық қоян-қолтық ұрыстан ТМД чемпионатына қатысты. Турнир алғаш рет Қазақстанда – Алматы қаласындағы ҚР ҚМ Армия орталық спорт клубының базасында өтті. Әскери спортшылар тоғыз салмақ дәрежесі бойынша сыңға түсті.

Жалпы командалық есепте қазақстандық әскери қызметшілер бірінші орынды қанжығасына байлады. Қазақстан Қарулы Күштерінің командасы 3 алтын, 1 күміс және 3 қола жүлдеге ие болды. Біздің спортшылардан кейін екінші орынға Ресейдің әскери қызметшілері жайғасса, үшінші орынға Өзбекстан командасы табан тіреді.  

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР ҚК Бас штаб бастығы генерал-майор Мұрат Бектанов чемпионат барысын қадағалап, сондай-ақ үздік әскери спортшыларды марапаттады.  Жарыс қатысушыларына сөз сөйлеу барысында ол ҚР Тұңғыш Президентінің спортпен айналысу арқылы, адамға ғұмыр бойы қажетті жеңіске деген ерік, беріктілік, белгіленген мақсатқа жетуге деген ұмтылыс сынды маңызды қасиеттер дамитынын атап өтті.   

Аталмыш турнир 2020 жылы Алматы қаласында болатын ТМД мүше мемлекеттері достық армиясының ІІІ Әскери-спорттық ойын аясында өтті.

Қазіргі таңда армиялық қоян-қолтық ұрысы бүкіл әлемде жақсы дамып келе жатыр. Оның өркендеуі қорғану тәсілдері мен шабуылды үйрететін әмбебап жүйеге байланысты. Ол спорт түрі ретінде өзіне әлемдік арсеналдағы күрестің түрлі функционалды элементтерін қосады. Әскери қызметшілердің армиялық қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін білуі қарусызда қорғануына мүмкіндік береді.


Өзгелердің жаңалығы