Елімізде 8 мыңнан аса медициналық маман жетіспейді

2 Қараша 2023, 11:17
1026
Бөлісу:
Елімізде 8 мыңнан аса медициналық маман жетіспейді
Фото: BAQ.KZ - архив

Бүгінде Қазақстанда 8 мыңнан аса медициналық маман жетіспейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді.

Айтуынша, кадр тапшылығы күн санап артып отыр.

Оның пікірінше, қазір медицинада кадр тапшылығы – өзекті мәселе.

Денсаулық сақтау қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 20-30%-ға артып отыр. Бұл медицина қызметкерлерін әлеуметтік қорғауда өте үлкен маңызға ие. Алайда салада медициналық кадрдың тапшылығы бар. Біздің мәлімет бойынша денсаулық сақтау саласында 8 мыңнан аса кадр тапшы. Бұл тенденция соңғы жылдары байқалып отыр. Оның саны артып та келеді. Кадрларды сақтап, оларға жағдай жасау бойынша бірқатар ұсыныс болды, - деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар палата төрағасы осы бағытта Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, жұмыс істеуді ұсынды.

Медицина мамандығына кадр тарту үшін қосымша қандай іс-әрекет жасауға болады. Қандай заңға өзгеріс енгізіп, қандай норма қабылдауға болады деген мәселелерді қарау керек. Себебі, медицина кадрларының жетіспеушілігі өте өзекті проблема. Соңғы жылдары қарқынды өсу болған жоқ. Қазір нақты шешім қабылдауды қажет ететін жағдай туындап отыр. Оларды әзірлеп, Үкіметпен бірлесіп жүзеге асырамыз, - деді Сенат төрағасы.

Өзгелердің жаңалығы