Елімізде 68 ЖОО-да жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер құрылмаған

22 Қазан 2021, 13:20
2437
Бөлісу:
Елімізде 68 ЖОО-да жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер құрылмаған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің 68 жоғары оқу орнында сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер құрылмаған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы М. Ахметжанов еліміздің жоғары оқу орындары ректорларының қатысуымен өткен Республикалық кеңесте сыбайлас жемқорлық схемаларына қарсы пәрменді шаралар және пара алу жағдайларын азайту туралы айтты. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметтер институтын енгізу – осындай шаралардың бірі ретінде жемқорлық тәуекелдерін анықтауға, мүдделер қақтығысын шешуге және жемқорлыққа қарсы стандарттарға сәйкестікті қамтамасыз етуге ықпал ететінін атап өтті, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ ведомство басшысы жоғары оқу орындарының комплаенс қызметтерінің ресми жұмысын сынға алды. Оның айтуынша, еліміздің 68 жоғары оқу орнында мұндай қызметтер құрылмаған.

Комплаенс-қызметтерді дамыту – жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңызды бөлігі. Осыған орай, М. Ахметжанов барлық ректорды аталған жемқорлыққа қарсы институтты құруға, стандарттарды бекітуге, сондай-ақ студенттерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқытуға назар аударуға шақырды.

Айта кету керек, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері» элективті пәні көптеген жоғары оқу орындарының пәндер тізіміне енгізілген болатын. Алайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының пікірінше, оны міндетті пәндер тізіміне енгізген кезде ғана оқытудың нақты әсері болуы мүмкін.

Өзгелердің жаңалығы