Елімізде 61 мыңнан астам адам банкроттыққа өтініш берді

7 Тамыз 2023, 00:15
1387
Бөлісу:
Елімізде 61 мыңнан астам адам банкроттыққа өтініш берді
Фото: архив

Елімізде 10 мың азаматтың банкроттыққа өтініші қаралып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

3 наурыздан бастап азаматтардан банкроттыққа өтініштер қабылдау басталды. Қазірдің өзінде 61 мыңнан астам өтініш түсті. 10 мың азаматқа қатысты банкроттық рәсімі басталды. Соттарда 750 азаматқа қатысты сот тәртібі арқылы банкрот болу туралы арыз бен төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдануға 20-дан астам өтініш қаралуда. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтында жазылды.

Мониторинг жүргізу барысында келіп түскен өтініштер бойынша азаматтардың белгілі бір себептермен соттан тыс банкроттығы шарттарына сәйкес келмеу жағдайлары анықталды. Жеке сот орындаушыларының атқару парақтары негізінде берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдануына байланысты жеке тұлғаларда 12 ай ішінде борышты ішінара өтеу жағдайлары жиі кездеседі.

Кейде жеке кәсіпкер ретінде тіркелген қазақстандықтар да банкроттық туралы өтініш береді. Мұндай жағдайда кәсіпкер алдымен жеке кәсіпкерлікті тарату рәсімін жүзеге асыруы қажет. Ал атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар банкроттық рәсімін пайдалану үшін атаулы әлеуметтік көмек алғанына кемінде 6 ай өтуі қажет, – деп жазылған хабарламада.

Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішті қайта жіберу үшін арада 3 ай өтуі керек. Егер борышкерге мүліктің болуы себебінен бас тартылса, ол тұрғылықты жері бойынша аудандық сотқа төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық болу рәсімін қолдануға өтініш беруге құқылы.

Өзгелердің жаңалығы