Елімізде 23 индустриялық-инновациялық жоба қаржыландырылды

29 Қаңтар 2020, 13:31
1398
Бөлісу:
Елімізде 23 индустриялық-инновациялық жоба қаржыландырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ОКҚ-да Қазақстанның Даму Банкі 2019 жылды қорытындылап, 2020 жылдағы жоспарларымен бөлісті. 

Қазақстанның "Даму Банкі" кредиттік қоржынын ұлғайтуды жалғастырып жатыр. Оның көлемі 2019 жылдың алдын ала қорытындылары бойынша, 2018 жылмен салыстырғанда, 31,5 млрд теңгеге құрады, яғни 1,9 % ұлғайып, 1 728 млрд теңгеге жетті. Бұл ретте банк құрылған 2013 жылмен салыстырғанда кредиттік қоржынының көлемі 4,6 есе немесе 356% өскенін айтып өткім келеді. Біз 2019 жылды оң қаржылық нәтижемен аяқтадық. Әзірге аудиттелмеген деректер бойынша, шоғырландырылған таза пайда 7,5 млрд теңгені құрады. Ал меншікті капиталдың көлемі 424,1 млрд теңге болды. Бұл өсім 2018 жылмен салыстырғанда 12,8% құрады, - деді "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ Басқарма төрағасы Абай Сарқұлов.
Оның сөзінше, қорландыру құрылымындағы мемлекеттік қаражаттың үлесін азайту мақсатында Даму Банкі баламалы көздерді іздестіруге назар аударады. Осылайша мемлекеттік қаражаттың әрбір теңгесіне нарықтық шарттармен 1,17 теңге қарыз тартылды. 
2015-2019 жылдарға арналған еліміздің индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында Даму банкі жалпы құны 467,8 млрд теңге болатын 23 жобаны қаржыландырған. Жобалар арасында Ақтөбедегі рельс зауыты, Қаратаудағы натрий өндіретін зауыт, Шымкенттегі көлік-логистикалық орталығы, Қарағандыдағы ферросилиций өндіретін зауыттар бар. Осы және басқа да жобаларды іске асыру барысында 4,5 мыңға жуық жұмыс орны ашылып, 450 млрд көлемінде өнім сатылды. Осыған қоса бұл кәсіпорындардан сыртқа 168 млрд теңгенің өнімі шығарылып, еліміздің қазынасына 83 млрд теңге салық төленді, - деді "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ Басқарушы директоры Əділ Исмағамбетов.


Өзгелердің жаңалығы