Қазақстанда дәнді дақылдар алқабының 72,5%-ы жиналып, 16,2 млн тонна астық бастырылды. Астық қабылдау орындарына түскен жұмсақ бидайдың 74%-ы үшінші сыныпқа жатады.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин егін жинау мәселелері жөніндегі жедел штаб отырысын өткізді. Жиында егін жинау қарқыны, шаруаларды техника, жанар-жағармай және тыңайтқышпен қамтамасыз ету, астық қоймаларының дайындығы мен өнімді тасымалдау мәселелері қаралды.
Биыл елімізде 15,6 млн гектарға дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар егілген. Қазірге дейін 11,3 млн гектар алқап жиналып, орташа өнімділік гектарына 14,2 центнерді құрады. Сондай-ақ 1,4 млн тонна майлы дақыл, 2,7 млн тонна көкөніс, 1,9 млн тонна бақша дақылы және 1,9 млн тонна картоп жиналды.
Егін науқанына 130 мыңнан астам трактор мен 29 мың комбайн жұмылдырылған. Өңірлерге 401 мың тонна дизель отыны бөлінді. Қазіргі уақытта 2027 жылғы егіске қажетті тұқым қорының 77%-ы дайындалған.
Науқан басталғалы астық қабылдау кәсіпорындарына 4,4 млн тонна астық жеткізілді. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 1,5 есе көп.
Қаңтар–тамыз айларында 9,3 млн тонна астық тасымалданып, оның 7,1 млн тоннасы экспортқа шығарылды. Өзбекстанға 3,6 млн тонна, Тәжікстанға 998 мың тонна, Қытайға 562 мың тонна астық жөнелтілді.
Серік Жұманғарин әкімдіктерге жаңа өнімді уақтылы қабылдауды, ал «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ға қажетті вагон санын қамтамасыз етіп, астық тасымалын үздіксіз ұйымдастыруды тапсырды.