Елімізде 14,7 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді

25 Шілде 2023, 13:49
638
Бөлісу:
Елімізде 14,7 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

2023 жылғы 1 шiлдедегi жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 14 762 шетел азаматы еңбек етеді, деп хабарлайды BAQ.K

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 537 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 751рұқсат (екінші санат).Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 6 598 және 833 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 940адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 2 103 адам тартылды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 751 жұмыс беруші бар. Оларда 433,4 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96% - ы.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 5 204 адам (35%), ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 895 адам (13%), тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 346 адам (9%), өңдеу өнеркәсібі – 1 128 адам (7%), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 850 адам (6% ).

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 3 729 адам (25%), Өзбекстан – 1 967 адам (13%), Үндістан – 1 461 адам (10%), Түркия – 1 454 адам (10%).

Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. 2023 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,24% немесе 22 260 бірлік мөлшерінде белгіленді.

Өзгелердің жаңалығы