Еліміз прогресс жолын таңдады – АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб

7 Қазан 2024, 17:43
325
Бөлісу:
Еліміз прогресс жолын таңдады – АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб
Фото: pixabay.com

Орталық референдум комиссиясы Қазақстанда АЭС салуға арналған референдумның алдын ала қорытындысын жариялады. Халықтың 71,12%-ы АЭС құрылысын қолдады. Exit poll нәтижелері де осы көрсеткіштерге жақын болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәжіліс Спикері, AMANAT партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов бұл референдум Қазақстанның саяси мәдениетінің жаңа деңгейге көтерілгенін айғақтайтынын айтты.

Жаңа саяси жағдайда Тәуелсіздігіміздің 33 жылдық тарихындағы үш референдумның екеуі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өтті. Сөз жоқ, жаңа саяси мәдениет дәл осылай қалыптасады. Әр азамат қоғам үшін маңызды мәселелерді шешу ісіне тікелей араласып, ел тағдырына өзінің қатысты екенін сезінеді. Бұл – демократияның іс жүзіндегі көрінісі, - деді ол.

Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы бүгінде депутаттардың өңірлерді жиі аралап, халықпен тікелей байланыс орнатып жүргенін атап өтті. Оның сөзінше, аталған жұмыстардың нәтижесінде қоғамдық сана өзгеріп, жаңа саяси мәдениеттің қалыптасып жатқаны байқалады. Тұрғындар кез келген мәселе бойынша өз пікірлерін ашық айтып, оны барлық деңгейде батыл қорғауда. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған саяси реформалар бағытының маңызды нәтижесі.

Референдумның қорытындысы қоғамдағы жалпы көңіл-күйдің шынайы бейнесін көрсетеді. Халықтық штаб барлық өңірлерде мыңдаған кездесу өткізіп, қазақстандықтар АЭС салудың ел болашағы үшін аса маңызды екенін түсініп отырғанын көрсетті. Кәсіпкерлер, шаруалар, кеншілер, жұмысшылар, жастар, мұғалімдер, дәрігерлер және көптеген басқа топтар дамыған экономикасы бар елде өмір сүруге мүдделі екенін білдірді. Олардың барлығы бұл мақсатқа жетудің кілті энергетикалық тәуелсіздік екенін және АЭС құрылысы қажеттігін толық түсінеді, - деді Ерлан Қошанов.

Бейбіт атом – сенімді, қауіпсіз, экологиялық таза энергия көзі. Бұл шешім Қазақстанның ғылым, техника, өндіріс және ауыл шаруашылығы сияқты салаларында дамудың жаңа кезеңіне өтуіне мүмкіндік береді. Халық өзінің таңдауын жасап, ел болашағына үлес қосты.

Сонымен қатар AMANAT партиясының Төрағасы АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың барлық мүшелеріне – саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, кәсіподақтар мен қауымдастықтардың өкілдеріне игі іске ат салысқандары үшін алғысын білдірді.

Өзгелердің жаңалығы