Еліміз алдағы 3 жылда экономикалық тәуелсіздікке ұмтылады – сарапшы

6 Қыркүйек 2023, 15:44
773
Бөлісу:
Еліміз алдағы 3 жылда экономикалық тәуелсіздікке ұмтылады – сарапшы
Фото: жеке мұрағат

Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» жолдауында алдағы уақытта жүзеге асырылатын нақты экономикалық міндеттерді қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар екенін, сондай-ақ біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өту керек екенін айтқан еді.

Биылғы жолдаудың негізгі ерекшелігі, біріншіден, Мемлекет басшысы стратегиялық мақсаттармен қатар орта мерзімді, яғни алдағы 3 жылда жүзеге асырылатын нақты міндеттерді қойды. Екіншіден, жолдаудың басты ерекшелігі - оның 90% экономикалық мәселелерге қатысты болуы. Сонымен қатар экономикалық реформалардың негізгі тұстарына, түйткілді мәселелерге күрделі қордаланған проблемаларға тоқтала отырып оның тиімді шешудің жолдарын, механизмдерін ұсынды. Мысалы жаңа экономикалық бағдарымыздың өзегі бұл әділдік, инклюзивтілік, үнемшілдік принциптеріне арналуы тиісті еді. Экономикалық реформаның негізгі тұстары бұл өңдеу индустриясын дамыту, экономиканы әртараптандыру, туризмді, кәсіпкерлікті, ауылшаруашылығын дамыту, цифрландыру, ғылым мен білімді жаңа деңгейге көтеру, креативті экономиканы дамыту сияқты экономикалық сипаттағы мәселелер көтерілді, - дейді «Аmanat» партиясы Қызылорда қалалық филиалының атқарушы хатшысы Гүлшат Мұсаева.

Гүлшат Мұсаева елімізде экономика өсімін тежеп тұрған мәселелерге де тоқталды.

Қазір экономиканың өсімін тежеп тұрған негізгі мәселелер инвестицияның жетіспеушілігі, экономикамыздағы көлеңкелі экономиканың үлесінің жоғары болуы, шағын орта бизнесті дамытудағы кедергілер осылардың барлығы жік-жігімен айтылып шықты, - дейді Гүлшат Мұсаева.

Оның айтуынша, инвестицияның жетіспеушілігін шешудің тиімді жолы ол өндіріске шетелдік инвесторлармен қатар отандық инвесторларды да тарту.

Екінші деңгейлі банктерді бизнесті кредиттеуге мотивация беру. Айталық, 2022 жылы негізгі капиталға салынған қаржы сомасы ІЖӨ-ге шаққанда 15% болды. Ол нақты секторды кредиттеу 8%-ға дейін төмендеп кеткен. Ал 5 жыл бұрын бұл көрсеткіш 25% деңгейінде болған. Ендігі міндет нақты секторға берілетін несие көлемін жыл сайын 20% және одан да жоғары деңгейде қамтамыз ету міндетін қойды. Демек бұған дейін банктің қаржылары 60%-дан астамы тұтынушылар кредитке кететін болса, ендігі жерде осы нақты секторды кредиттеуге, банктердің қатысуын жігерлендіру қажет деді. Мұны қолдаймыз. Өйткені шетелден осы мақсатта 3 банкті тартуды да ұсынылды. Таза ашық бәсекелестік болмайынша жағдайдың түзелуі, экономикамыздың ілгері жылжуы мүмкін емес. Сарапшылардың пікірінше Ұлттық банк туралы заңға да өзгеріс енгізу қажет. Мысалы, қазіргі кезде екінші деңгейлі банктердің кредит мөлшерлемесі 16% -дан жоғары. Неге? Оған әсер ететеін басты фактор - инфляция. Жыл басында инфляция деңгейі еліміз бойынша 20 % болса, шілде айында 13,1% төмендеді. Дегенмен банктердің нақты секторды кредиттеуіне әсер ететін инфляция ғана емес, пайыздық мөлшерлемесі жоғары болып тұрған тұтыну кредиттерінің көп болуы да ынтасын оятып отырған жоқ. Міне, осы жағдайды түбегейлі түзету үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет екенін айтты, - дейді спикер.

Қаржылық сауаттылық пен мемлекет меншігіне пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару бойынша да бойынша атқарылатын маңызды шараларды атап өтті.

Одан бөлек азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру маңызды шарт екендігін атады. Осы тұста бір қуантарлығы «Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам», «Ауыл аманаты» партиялық жобаларына тоқталуы. Аталмыш жобалар қоғамда түрлі өзекті мәселелерді шешуге септігін тигізіп отыр. Сондықтан да алдағы кезеңде үкіметке «Amanat» партиясымен бірлесіп жобалардың ауқымын кеңейтуді тапсырды. Биылғы жылы іске асырыла бастаған «Қарызсыз қоғам» жобасының негізгі мақсаты жеке тұлғалар арасында проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауатын арттыру болды. Еліміздің 8 өңірінде Ақтөбе, Алматы, Түркістан, Батыс Қазақстан, Жамбыл Атырау және Маңғыстау облыстарында осы кезге дейін әрқайсысы 10 және одан да көп несие алған 20 мыңнан астам азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттырып, аз ғана уақыттың ішінде халыққа қажеттілігін дәлелдеді. «Жер аманаты» жобасы бойынша да мемлекет меншігіне пайдаланылмай жатқан жерлер қайтарылды. Мысалы, Қызылорда өңірінде 2022 жылы 12 986,3 га қайтарылса, 2023 жылы көлемі 2029 га құрайтын 16 жер қайтарылды, - деді Гүлшат Мұсаева.

Гүлшат Мұсаева, ауылдағы кәсіпкерлік саласын да тілге тиек етті.

Ауылдық кәсіпкерлікті дамыту, ауылды көтеру мәселесі сөз болды. Тағы бір ерекше тоқталатын жайт экономиканың негізгі драйверіне айналып отқан бұл кәсіпкерлік саласы. Орта бизнесті дамытуға мотивация жоқ деді. Қазір жалпы ішкі өнімдегі орта және шағын бизнестің үлесі 36% құрап отыр. Оның ішінде 30% шағын бизнестің үлесіне тиесілі болса, 6% ғана орта бизнестің үлесіне тиесілі болады екен. Оның негізгі себебі шағын бизнесті ірілендіруге келе жатады да майдаланып кетеді. Ірілендіруге олар ешқандай ынталы емес. Соған мотивациялық құралдарды енгізу қажет. Мысалы, шағын кәсіпкерлікті қолдау шаралары ыңғайлы. Сол себепті шағын кәсіпкерліктің дамуына кең өріс ашылып отыр. Жалпы экономикалық реформаның негізгі мақсаты экономикамыздың тұрақты өсімін жыл сайын 6-7 %-ға жеткізу. 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін қазіргі деңгейден 2 есеге ұлғайтып, 450 млрд долларға жеткізу. Бұл мүмкін бе? Әрине мүмкін. Ол үшін жолдауда берілген нақты тапсырмалар мен міндеттерді уақытылы және сапалы орындау қажет, - деді Гүлшат Мұсаева.

Өзгелердің жаңалығы