Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров мәлімдеді.
Айтуынша, өзі басқаратын министрлік цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуды дамыту шеңберінде жоспарлы жұмыс жүргізіп жатыр.
Бүгінгі күні Қазақстан халқының 92,43%-ы цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратумен қамтылған. 11 өңір толығымен цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшті. Олар: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау, Павлодар, Қостанай, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары. Қалған 6 өңірге 2023 жылға дейін цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға толық көшу жоспарланып отыр. Олардың қатарында: Ақмола, Атырау, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстары бар, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сондай-ақ ол биыл шығыс өңірінде 6 радиотелевизиялық станция іске қосылатынын айтты.
Биылғы жылы Шығыс Қазақстан облысында 6 радиотелевизиялық станцияны пайдалануға беру жоспарлануда. Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшу халық үшін облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда – 30-ға дейінгі, облыс орталығынан төмен деңгейде 15-ке дейінгі телеарнаны трансляциялауға мүмкіндік береді. Біз халықтың БАҚ саласындағы мемлекеттік саясатқа қанағаттану деңгейін бағалау мақсатында әлеуметтік зерттеулер жүргіземіз. 2021 жылдың қорытындысы бойынша қанағаттану деңгейі 68,58%-ды құрайды. Жалпы, БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және дамыту бағыттары бойынша Министрлік жұмысының негізгі бағыттары осындай, - деді Асқар Омаров.
Еске сала кетейік, бұған дейін ел тұрғындары қандай ақпарат көздеріне сенетіні туралы жазған болатынбыз.