Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еуропалық бұқаралық ақпарат құралдарында «ешкімге кедергі келтірме» деген ұстаным бар. Яғни, таратылатын ақпараттың өз деңгейіндегі фактілерге сүйену қажеттігін, алайда арандату немесе өзге де тәсілдер арқылы бұқараның санасын улап, теріс насихат әрекеттерін жасайтын құралға айналмауын жай ғана қарапайым сөйлеммен «ешкімге кедергі келтірмеумен» түсіндірген, деп жазады Egemen Qazaqstan.
Соңғы уақытта ел ішіндегі жайттарға байланысты әлеуметтік желілерде түрлі пікірлер белең алып, бұқара арасында алауыздық тудырып, жалған ақпарлар немесе мүлдем сүзгіден өтпеген, ақ-қарасы айқындалмаған ақпарлар тарату арқылы мемлекеттік құрылымның жұмысына кедергі келтіру істері белең алғаны жасырын емес. Кей жымысқы мақсаттарды көздеушілер бұл идеяларын әлеуметтік желіде оп-оңай жүзеге асыруды қолай көрді. Алайда, әлеуметтік желіде таралатын ақпараттың барлығы шындыққа жанаса бермейтінін, осы мәселелер төңірегінде шешім қабылдамас бұрын нақты дереккөздер немесе ақпараттық сауаттылықпен қамтылуды біздің бұқараның басым көбінің есепке алмай жататыны өкінішті.
Бәрімізге белгілі, осыдан бір ай бұрын еліміздің оңтүстігінде ешкім күтпеген төтенше жағдай болды. Ең бастысы, жаппай адам шығынына жол бермей, әскерилер мен жергілікті биліктің және батыл тұрғындар қабылдаған шұғыл шаралардың нәтижесінде еңкейген қарттан бесіктегі балаға дейін қауіпсіз жерге көшірілді.
Соған қарамастан Арыс қаласындағы жағдай ел ішінде іріткі салудың кезекті бір қаруына айналып, әлеуметтік желілерде билікке, әскерилерге қатысты неше түрлі әдептен тыс пікірлер желдей ескені де рас. Нақты ұстаным Арыстағы жағдайды қалыпқа келтіріп, зардап шеккен халыққа көмек қолын созудан бұрын билік өкілдеріне бар кінәні артып, кей пікірлер мен теріс көзқарастарға тоқтау салу жағы кемшін кетті. Мұны «жығылған үстіне жұдырық» дейді дана халқымыз. Аласапыран сәтте қандастардың қал-жағдайынан бұрын Үкімет жұмысына сын-пікірлердің толастамай, мәселені шешуден гөрі ушықтыруды қалау – тек сыңаржақтылық пен тас түскен жеріне ауырдың кері.
Әрине, мәселенің төркіні Арыс болса, арсеналдың жағдайы мен тәртібіне жауап беретін бірнеше нақты лауазымды қызметкерлер бар. Олар тексеру қорытындыларынан кейін тиісті жазаларын алады. Басты айта кететін жайт – оқиға орын алғаннан бастап, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Арыстағы жағдай бойынша шұғыл түрде Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізсе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласына аттанып, қарапайым халықтың жай-күйін біліп, олардың жігерін көтерді, оқиғаны жіті назарында ұстайтынына уәде берді. Жоғарғы Бас Қолбасшы – Президент тапсырмасына сәйкес, Қорғаныс министрі Н.Ермекбаев халықты көшіруден бастап, олардың азық-түлікпен қамтылуы, тұрғын үйлерді қайта тұрғызу, қаланы жарылғыштардан тазарту, қалпына келу үрдісіне дейін бәрін өзі бақылады, Қарулы Күштер өкілдеріне нақты тапсырмалар міндеттеліп, аймақтағы жағдайдың әрі қарай даму сипатын өз қолына алды.
Жалпы, Арыстағы арсенал әскери бөлім мен әскерилердің қызметтік қырағылығына емес, егемен еліміздің тұтастығы мен қауіпсіздігіне арналғанын ескеруге болады. Арыстағы әскери қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелері ауыр климаттық жағдайға қарамастан, Отан алдындағы борышы мен бұйрығын орындап, осы жолда қайтпас қайсарлық пен айнымас шыдамдылық таныта білді. Қазіргі жаһан күн сайын емес, тіпті сағат санап, сан құбылып, мың өзгеруде. Ірі державадан шағын мемлекеттерге дейін өздерінің қарулы күштерінің әлеуетін көтеру үшін бар мүмкіндіктерге жол ашуда. Әлемдегі кейбір халықаралық шиеленістер бір мемлекеттердің екіншісінен әскери әлеуетінің артып кетпеуі үшін де болып жатқаны белгілі. Осындай жүгі ауыр кезеңде елдің еңсесі тіктеліп, оны қорғайтын ерінің қабырғасы қайыспағаны абзал. Елдегі ішкі факторлардағы кертартпалық оның тоз-тозының шығып, тізе бүгіп кетуіне түрткі болып кетпеу керек. Мұның соңы үлкен өкініштерге соқтырады. Сондықтан халықтың ауызбіршілігі, Үкімет жұмысының тиянақтылығы, әскери әлеуеттің мығымдығы қажет-ақ.
Қалай болғанда да, ел басына түскен сынақ – ер басына түскен сынақ. Ел мен ердің бөліп-жарар дүниесі жоқ. Оларға Отан да ортақ, ел де ортақ, жер де ортақ. Ел – елдігін көрсетіп, болар ерінің белін буса, ер азамат елі үшін аянбай еңбек ете берері хақ. Өйткені Отан алдындағы борышын өтеу – жекелеген адамдарға, яки тек әскерилер мен билік өкілдерінің ғана емес, жалпы әр адамның, тұтас ұлттың борышы әрі міндеті.
Әмірхан РАХЫМЖАНОВ,
саяси ғылымдар докторы,
профессор