Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының финалына жолдама алды

26 Қаңтар 2023, 16:34
900
Бөлісу:
Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының финалына жолдама алды

Теннистен Ұлттық құрама көшбасшысы Елена Рыбакина жартылай финалда Виктория Азаренконы жеңіп, Мельбурнде өтіп жатқан Аустралия ашық чемпионатының финалына шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ Kazsports.kz-ке сілтеме жасап.

Матчтың есебі: 7-6(4), 6:3. Род Лейвер Аренада өткен кездесу 1 сағат, 21 минутқа созылды.

Алғашқы сет тай-брейкке дейін жетіп, онда қазақстандық ойыншы басым түсті. Ал 2-сетте отандасымыз еш қиындықсыз тәжірибелі қарсыластың осал тұсын тапты.

Елена – Үлкен Дулыға санатындағы екі бәсекенің (Уимблдон, Аустралия ашық чемпионаты) финалына шыққан тұңғыш қазақстандық теннисші. Мельбурнде отандасымыз әлемнің 1-ракеткасы, осы турнирдің қазіргі чемпионы польяк Ига Швентекті ұтып, сенсация жасаған.

Енді 2022 жылғы Уимблдон жеңімпазы Елена Рыбакинаның финалдағы қарсыласы Арина Соболенко (Беларусь) немесе Магда Линетт (Польша) болады. Екі теннисші арасындағы ойын енді басталады.

Айта кетейік, 33 жастағы Беларусь спортшысы Australian Open-нің 2 дүркін жеңімпазы, 2012 жылғы Олимпиаданың чемпионы және қола жүлдегері.

Өзгелердің жаңалығы