Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина Сан-Хосе WTA-500 турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл қазақстандық теннисшінің Уимблдон чемпионы атанғаннан кейінгі алғашқы матчы еді, деп жазды ҚазАқпарат.
Оның қарсыласы, әлемнің 12-інші, осы жарыстың 7-ракеткасы, ресейлік Дарья Касаткина да осал емес. Осыған дейін өзара екі мәрте кездесіп, бір-бірден жеңіске жеткен еді. Е.Рыбакина матчты сәтті бастап, екі брейкпен бірінші партияны алды – 6:1.
Алайда екінші сетте Д.Касаткина 5:1 есебімен алға кетті. Бұдан кейін Е.Рыбакина брейк жасағанымен, сол қарқынын әрі қарай жалғастыра алмады – 2:6. Үшінші, шешуші партияда Д.Касаткина еш мүмкіндік бермеді – 6:0.
Жүлде қоры 757 мың АҚШ долларынан асатын доданың екінші айналымында Д.Касаткина америкалық Тейлор Таунсендпен шеберлік байқасады.