Электрондық қызмет мүгедектігі бар адамдарға қолжетімсіз - сенатор

Электрондық қызмет мүгедектігі бар адамдарға қолжетімсіз - сенатор
293

Бұл туралы бүгін өткен Сенат отырысында сенатор  Ләззат Қалтаева өзінің депутаттық сауалында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Пандемия карантині кезінде мүгедектігі бар қазақстандықтар ақпараттық вакуумда болды. Оған сандық технологияға қолжетімділіктің болмауы әсер еткен. Сенатор Қалтаева мүгедектігі бар адамдар тап болып жүрген қиындықтарға тоқталды. 

Айтуынша, төтенше жағдай кезінде ел азаматтарының бұл тобы ақпаратқа қол жеткізе алмаумен қоса, әлеуметтік көмек пен қызметтерді, оның ішінде өнімдер мен дәрі-дәрмектерді жеткізуге онлайн тапсырыс бере алмаған.

Мүгедек адамдарды ақпаратпен, цифрлық ресурстармен және сервистермен қамтамасыз ету жөніндегі қолданыстағы стандарттарды қайта қарау қажеттігі пісіп-жетілді. Күн тәртібінде тұрғанына көп уақыт болса да «Баспа ақпаратында жарияланған шығармаларды соқыр және көру қабілеті бұзылған немесе басқа да мүмкіндіктері шектеулі адамдарға қабылдауды жеңілдету туралы» Марракеш келісіміне қол қойылған жоқ. Мәдени, білім беру және ғылыми ресурстарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін осы шартқа қол қою, сондай-ақ аудиодескрипцияны енгізу – көру қабілеті бұзылған қазақстандық тұлғалардың көптен бергі сұранысы болып отыр, - деп атап өтті сенатор.

Ләззат Қалтаева осыған байланысты мүгедектігі бар адамдарға цифрлық ресурстар мен сервистерді қамтамасыз ету стандарттарын қайта қарау, easy-to-Read форматында немесе ақыл-ойы бұзылған адамдарға «қарапайым сөзбен» ақпаратқа қол жеткізу стандарттарын әзірлеу және енгізу, сондай-ақ төтенше жағдай кезінде халықты хабардар ету арналарымен қамтамасыз етуге орай мүгедек адамдарға ыңғайлы ақпарат беру түрлерін ескере отырып, шаралар қабылдау мәселелерін қарауды ұсынды.

Қазіргі уақытта Үкімет Әлеуметтік кодекс әзірлеуде. Бұл мүгедектігі бар қазақстандықтардың ақпарат алу құқығына қатысты аса маңызды және көптен күткен өзгерістерді енгізудің ең қолайлы уақыты деп есептейміз, - деді депутат.

Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы