Электрондық әмияндарды пайдалануға қойылатын талаптар айқындалды

10 Маусым 2020, 15:08
1454
Бөлісу:
Электрондық әмияндарды пайдалануға қойылатын талаптар айқындалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаттары екінші оқылымда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне шетел валютасындағы ипотекалық қарыздар, көрсетілетін төлем қызметтері нарығының субъектілерін реттеуді жетілдіру, жаппай декларациялау және экономикалық өсімді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңның жобасын мақұлдады.

Осы заң жобасы "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Жолдауда белгіленген мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде әзірленді. Құжатта ақшаны жылыстау, елден капиталды әкету тәуекелін төмендету және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл мақсатында төлем ұйымдарының қызметін реттеудің тиімділігін арттыруға бағытталған нормалар қамтылады.

Ұлттық банктің мәліметінше, түзетулерде жасырын электрондық әмияндар арасындағы аударымдарға тыйым салу көзделеді және пайдаланушыларды сәйкестендіру бойынша жаңа талаптар белгіленген.

Бұдан басқа, құжатта электрондық ақшаны пайдалану кезінде операциялардың мөлшеріне лимиттер белгіленген. Бірмезгілде, дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың есеп айырысуы үшін электрондық әмияндарды пайдалану мүмкіндігі көзделеді, бұл электрондық ақшаны төлем жасау үшін қолайлы және қарапайым құрал ретінде дамытуға және пайдалануға қосымша импульс береді.

Заң жобасында кәсіпкерлік субъектілерінің банктік шоттардан қолма-қол ақшаны алу тәртібін реттеуге бағытталған нормалар да қамтылған.

Өзгелердің жаңалығы