Қазақстан электронды коммерция бойынша өзге елдерге үлгі бола алады – Ломтадзе

5 Ақпан 2021, 15:53
1571
Бөлісу:
Қазақстан электронды коммерция бойынша өзге елдерге үлгі бола алады – Ломтадзе

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда өтіп жатқан «DIGITAL ALMATY» халықаралық форумында Kaspi.kz-тің басшысы және тең құрылтайшысы Михаил Ломтадзе Қазақстандағы электронды коммерцияның дамуы жайлы айтты. 

Михаил Ломтадзенің айтуынша, елімізде қазір электронды сауда жасау жақсы жолға қойылған және өзге елдерге үлгі боларлық деңгейде екен. 

Қазақстанда қазір цифрлы қызмет көрсету қарқын алып келеді. Мәселен біздің Kaspi.kz сервисінің атқарып отырған жұмысына тоқталсам, онда бірнеше электронды төлем жасаудың базасы бар, яғни бір мобильді қосымшаға жинақталған. Сондықтан да ол көптеген қолданушы үшін тартымды болды және өте өзекті. Мәселен күнделікті шаруашылықта атқарылатын түрлі төлемдер, телефонға ақша құюдан бастап коммуналдық қызмет төлемін төлеу, білім, салық, ақша аудару барлығы бір қосымшада атқарылады. 2020 жылғы пандемия кезінде бұл қосымша өзінің тиімділігін көрсетті және қолданушылар саны да артты. Қазір Қазақстанда 9,5 млн адам Kaspi.kz қосымшасын қолданып отыр, - дейді ол. 

Сонымен қатар ол электронды сауданы дамытудың жолына тоқталып өтті.

Электронды сауда кезінде тауарлардың кең көлемі болу керек. Тауарды жеткізіп беру қызметі болғаны жөн және төлем жасау құралы болу керек. Міне осы құралдар болған кезде электронды сауда жақсы дамиды. Біз тұрғындардың онлайн іздейтін тауарлар түрін анықтап, оларды электронды дүкенге қосып отырамыз, - деді Ломтадзе. 

Оның айтуынша, өткен жылы Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлем жасау жоғары қарқынмен өскен.

Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлем жасау іске асырылады, 2020 жылы оның көрсеткіші 168 пайызға өскен. Яғни қолма-қол ақшасыз төлем жасау өте жоғары қарқынмен дамып келеді. Бұл көрсеткіш көрші Ресейден 24 пайыздың маңайында ғана артқан. Қазақстанда жасалған барлық төлемнің 74%-ы қолма-қол ақшасыз жасалған, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы