Электронды билетке көшу арқылы 1,5 млрд теңге үнемделген

10 Қараша 2020, 12:05
1918
Бөлісу:
Электронды билетке көшу арқылы 1,5 млрд теңге үнемделген
Фото: Артём Чурсинов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінде өткен онлайн брифингте «Адал жол» жобалық кеңесінің жетекшісі Исламбек Майшекин айтты. 

Оның айтуынша, Қазақстан темір жолы АҚ билеттердің жасанды тапшылығы, алыпсатарлардың жолын кесу, ревизорлық қызметті жетілдіру мен темір жол қызметкерлерінің қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бастамасымен «Адал жол» жобасын іске қосқан.

Аталмыш мәселелерді жою үшін компания бизнес жоспарын өзгертіп, кейбір заңнамалық актілерге түзетулер енгізді. Соның аясында алыпсатарлықпен айналысып, билет тапшылығын қолдан жасаушыларға тосқауыл қойылды. Билет сатудың форматын қайта қарауымызға тура келді. «Қазақстан темір жолы» 1972 жылғы билетті сату бағдарламасын қолданып келген болатын. Ол бағдарлама алыпсатарларға , тіпті компания қызметкерлеріне билетті көптеп сатып алу мүмкіндігін беріп отырған. Ал бағдарламаны трансформациялау арқылы заңсыз билет сатып алушылардың жолын кесуге қол жеткізілді, - деді ол. 

Оның айтуынша, жаңа бағдарламаға күту парағы енгізілді. Егер жолаушы билет таппаған жағдайда сол парақшаға белгілі датаға арналған өтініш қалдырады. Билет пайда болғанда оған хабарлама келеді. 

Бұл жаңашылдықтардың бәрі қағаз билеттен бас тарып, электрондық билетке көшуге негіз болды. Осыған орай билет сататын сайт модернизацияланып, мобильдік қосымша кіріктірілді. Электрондық билеттеу көшу арқылы қымбат бланктер мен құрылғылардан бас тарту компания шығынын 1,5 млрд теңгеге қысқартты, - деді Исламбек Майшекин.  

 

Оның айтуынша ревизорлық қызметті жетілдіру үшін штат қайта қаралып, жылдар бойы бір жерде қызмет көрсетіп, тамыр-таныс жинап үлгерген ескі қызметкерлер ауыстырылды. Ревизорлық қызмет енді тікелей компания басшылығына бағынады. Сондай-ақ, жолаушылар тасымалы қызметкепрлерінің этикасы мен қызмет көрсету сапасын көтеру назарға алынды. Осы мақсатта қызметкерлерге оқыту курстары ұйымдастырылған. Жұмыс қортындысы бойынша жақсы қызмет үшін үстемақы қосу қарастырылған.

Өзгелердің жаңалығы