Елдегі дәрігерлердің орташа жалақысы қанша?

21 Қыркүйек 2022, 09:40
1659
Бөлісу:
Елдегі дәрігерлердің орташа жалақысы қанша?

Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, медицина қызметкерлерін ынталандыру үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдан бастап медицина қызметкерлерінің жалақысын көбейту қолға алынды. 

2023 жылға қарай экономикадағы орташа жалақыдан 2 есе жоғары деңгейге дейін жеткізу мақсатында жыл сайын арттыру бойынша шаралар қабылдануда. 2022 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы 421 мың теңгеге дейін жеткізілді. Бұл ретте орта медицина қызметкерінің жалақысы шамамен 235 мың теңгені құрады, - деп атап өтті еліміздің бас дәрігері. 

Сонымен қатар министр ауылдық елді мекендерді медициналық-санитариялық алғашқы көмекпен және консультациялық-диагностикалық қызметтермен қамту деңгейінің қалай жүргізіліп жатқанына тоқталды. 

Жоспар бойынша 47,5% болса, нақты көрсеткіш 49,3%-ға дейін жеткізілді. Жылжымалы медициналық пункттердің қызметтерімен 822 мың 325 адам қамтылды. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде амбулаториялық деңгейдегі медициналық көмектің көлемі 56%-ға дейін жеткізілді, - деді ведомство басшысы.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ажар Ғиният сәбилер өлімінің азаймай тұрғанын айтқан болатын. 

Өзгелердің жаңалығы