Елдегі ауқымды өзгерістерді өңір жастары да қолдап отыр – Қошанов

31 Мамыр 2022, 11:10
1207
Бөлісу:
Елдегі ауқымды өзгерістерді өңір жастары да қолдап отыр – Қошанов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кеше Маңғыстау облысында жұмыс сапармен болдым. Тарихы тереңнен бастау алатын бұл өлкенің орны қашан да бөлек. Сондықтан алдағы референдумның мән-жайын түсіндіру мақсатымен арнайы бардым, деп жазды Facebook-тегі парақшасында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов. 

Облыс жұртшылығымен кездесіп, осы тақырыпта мазмұнды әңгіме болды. Жергілікті халық Президент бастамалары мен референдумды қолдап отырғаны қуантады. Маңғыстаулықтар осы науқанның, Ата заңға енгізілетін өзгерістердің маңызын терең түсініп, Президентіміздің жанына топтасуға, ел өміріне оң өзгеріс әкелетін реформаларды жүзеге асыруға атсалысуға дайын екендіктерін айтты, - деді Ерлан Қошанов.

Ел алдында тұрған биік мақсаттарға қол жеткізу үшін халқымызға ауызбірлік керек дейді өңір тұрғындары.

Жалпы облыс халқы ел өміріне белсене араласуда. Өз туған жеріне деген жауапкершілігі де жоғары. Бозжыра шатқалына қатысты оқиға бәріміздің есімізде. Сол жолы маңғыстаулықтар өз өлкесіне немқұрайлы қарамайтындықтарын көрсетті. Бұл – туған жерге деген қамқорлықтың жарқын көрінісі. Мұндай әрекеттердің Ата заңға жердің және табиғи ресурстардың иесі халық деген норма енгізіліп жатқан тұста мәні арта түсуде.

Өйткені, байтақ жеріміздің бір ғана иесі болуы мүмкін. Ол – халық. Аталған норманың құқықтық мәнінен гөрі, идеологиялық, саяси және моральдік салмағы басым. Осы өзгертумен біз бұл қағиданы тағы да бір шегелеп отырмыз. Бұл түзету әр адамның өз туған өлкесіне деген жауапкершілігін арттырады. Президент осындай маңызды мәселелер бойынша әрдайым халықтың пікіріне құлақ асып, әділ шешім қабылдап отыр.

Кездесуде Маңғыстау өңіріндегі бірқатар мәселелерге де тоқталып өттім. Олар – ауыз сумен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту, жем-шөп тапшылығы және тағы да басқа әлеуметтік жайттар, - деді ол.

Олардың барлығы Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары аясында толық шешіледі. 

Бұл жоспардың орындалуы Мәжіліс депутаттарының, «AMANAT» партиясының үнемі бақылауында болады. Алдағы уақытта бұл тақырыпты Мәжілісте талқылау жоспарда бар.

Сапар кезінде «AMANAT» партиясының облыстық филиалының жұмысымен танысып, Аналар кеңесінің мүшелерімен жүздестім. Онда көп балалы аналар мәселесін талқылап, ең өзекті сұрақтарға жауап бердім, - деді Мәжіліс спикері.

Елдегі ауқымды өзгерістерді өңір жастары да қолдап отыр. 

Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар мен инжиниринг университетін аралап, оқытушылармен және студенттермен әңгімелестім. Маңғыстаулық ұшқыр ойлы, жігерлі жастар референдумға бір кісідей атсалысуға дайын екендіктерін айтты.

Сонымен бірге «Қошқар ата» қалдық қоймасына барып, өңір экологиясын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстым, жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен елдегі өзгерістер жайында сөйлестім. Азаматтық қоғам белсенділік танытуға әзір.

Маңғыстау мұнайшыларымен де референдумның мән-маңызын пысықтадық. Олар Президенттің саяси реформаларын қолдайтындықтарын жеткізіп, референдумға қатысатындықтарын айтты. Бұл өлкеде бірлік бар, ірілік бар! Тірлік бар! Бұған осы сапарымның барысында көз жеткіздім, - деп түйіндеді сөзін ол.

Өзгелердің жаңалығы