Елде заңсыз жүрген 133 мың иммигрант өз еркімен кетті

22 Ақпан 2021, 13:10
1479
Бөлісу:
Елде заңсыз жүрген 133 мың иммигрант өз еркімен кетті

Нұр-Cұлтан, BAQ.KZ. Полиция 133 мың заңсыз мигранттың елден өз еркімен кетуіне көмектескен. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты деп хабарлады Polisia.kz.

Оның айтуынша, коронавирус пандемиясының кесірінен мыңдаған шетелдіктер Қазақстанда қалып қойған.

Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі, шет елдердің өкілдіктері және көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның көмегімен бұл адамдарға құжаттар дайындауға көмек көрсетілді. Жыл басынан бері полиция 133 мың заңсыз мигранттың республикадан өз еркімен кетуіне көмектесті.  Паспортының мерзімі өткен 675 шетелдікке қайту туралы куәлік берілді, - деді ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Сонымен бірге көші-қон заңнамасын қасақана бұзу фактілері анықталған.  Осылайша, 582 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін тиісті рұқсатсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру фактілері бойынша 28 қылмыстық іс тіркелді.

Мәселен, Шымкентте Өзбекстанның 70 азаматын және Қытайдың 62 азаматын заңсыз жалдаған бірқатар заңды тұлғалар анықталды.

Одан бөлек алдын алу шаралары барысында іздеуде жүрген 140 қылмыскер ұсталды.  Олардың ішінде 129 қазақстандық, ТМД елдерінің 10 азаматы, сондай-ақ жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық пен бопсалау үшін халықаралық іздеуде болған Түркия азаматы бар.

Көші-қон қызметі комитетінің мәліметтері бойынша көші-қон заңнамасын тұрақты түрде бұзушыларға заңсыз көшіп келушілерді шығару туралы 969 сот шешімдері шығарылды.


Өзгелердің жаңалығы