Елде тәртіпсіздік болғанын қаламаймын – Алматы тұрғыны

25 Қыркүйек 2019, 14:31
4574
Бөлісу:
Елде тәртіпсіздік болғанын қаламаймын – Алматы тұрғыны
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазір көпбалалы аналар митингтерге шығып жатыр, өз басым оны дұрыс деп ойламаймын және елде тәртіпсіздік болғанын қаламаймын. Бұл туралы көпбалалы отбасының иесі Ғанибек Құраш Baq.kz тілшісімен тілдесу кезінде айтты.

Төрт баланың әкесі Ғанибек жұмыссыз қалған кезінде атаулы әлеуметтік көмекке өтініш бергенін айтады. Қазір оның төрт баласына АӘК тағайындалған және жұмыспен қамту орталығы өз мамандығы бойынша жұмыс тауып берген.

«Жұмыссыз қалған кезде атаулы әлеуметтік көмектің тигізген шарапаты мол болды. Оның үстіне анам ауырып, төсек тартып қалды. Оғанда қарайтын адам керек. Кейін ол қайтыс болды, міне осы тұста мен үшін АӘК үлкен тіреу болды. Дегенмен өткен айдан бері кешіктіріп жатыр, бірақ жәрдемақы түседі деп айтты. Кішкене қаражат болса да бізге көмек», - дейді ол.

Ғанибек, бұған дейін анимациалық студияда кино оператор болып жұмыс істегенін, кейін қысқартуға ұшырап төрт баламен жұмыссыз қалып, біраз қиналғанын айтады.

«Бізде түсірілген кинолар арасында біраз үзіліс болып қалады, осы кезде бірдеңе етіп күн көру керексің. Жалпы атаулы әлеуметтік көмектің берілгеніне қуаныштымыз және көңіліміз толады. Ең кішкентай балам мектепте 2 сыныпта оқиды. Үлкен қызым студент. Бір қызым менің жолымды қуып, шығармашылық жолына бет бұрды. Қазір кино факультетінде оқып жатыр», - дейді ол.

Сөз арасында ол, жұмыссыз қалған кезде қаладағы жұмыспен қамту орталығы да жақсы көмектескенін айтады.

«Жұмыс іздеп барғанымда ондағылар «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлесітігі» Қоғамдық қорына оператор, фотограф қажет деп, сонда жіберді. Қазір сол мекемеде режиссер, оператор, фотограф, дизайнер болып жұмыс істеп жатырмын. Көптеген конференциялар өткіземіз, мен соны түсіремін, монтаждаймын. Жұмыспен қамту орталығына алғысым шексіз, егер қандайда бір мамандық иесі болсаңыз ондағылар жұмыс тауып береді. Өз басым құжатымды өткіздім, көп күттірмей осындай жерде бос жұмыс орны бар деп айтты. Жұмыс іздейтіндер үшін өте қолайлы жағдай жасалған және өзіңізге ыңғайлы жұмыста таңдай аласыз», - дейді Ғанибек Құраш. 

Сондай-ақ, ол митингке шығып жатқан көпбалалы аналарға сабырлық тілейтінін айта келе, елімізде тәртіпсіздік жағдайларының болғанын қаламайтынын жеткізді.

«Қазір көпбалалы аналар митингтерге шығып жатыр, өз басым оны дұрыс деп ойламаймын. Құдайға шүкір жаман өмір сүріп жатқан жоқпыз, ақырын-ақырын жеткізіп жатырмыз. Оның үстіне мемлекет те қолдау көрсетіп жатыр. Ондай көтеріліс, тәртіпсіздік орын алғанын өз басым қолдамаймын», - дейді ол.

Айта кетсек, елімізде Атаулы әлеуметтік көмек 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап беріле бастады. Бұл көмекті жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын, яғни айлық табысы 20 789 теңгеден төмен отбасыларға беріледі. Оның ішінде кәмелетке толмаған балаларға 20 789 теңге мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек төленеді.


Өзгелердің жаңалығы