Елде қанша шетел азаматы жұмыс істейді?

28 Қазан 2022, 10:19
955
Бөлісу:
Елде  қанша шетел азаматы жұмыс істейді?

1 қазандағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 15 434 шетел азаматы еңбек етеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Шетел жұмыс күшін  тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 586 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 3 076 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 7 910 және 891 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 380 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 1 591 адам тартылды, - делінген министрлік таратқан хабарламада.

Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 751 жұмыс беруші бар. Оларда 399 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96% - ы.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 6 137 адам (40%); тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 515 адам (10%); ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 211 адам (8%); кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 1 143 адам (8% ); өңдеу өнеркәсібі – 1 071 адам (7%).

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 3 539 адам, Үндістан – 1 801 адам, Түркия – 1 707 адам, Өзбекстан – 1 487 адам, Ұлыбритания – 1 125 адам.

Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. Осы жылдың қаңтар айында Еңбекмині ШЖК тартуға арналған квотаны бұрын жоспарланған 28 352-ден  21 097-ге дейін, яғни 7 255-ке (25%) қысқартты.

Өзгелердің жаңалығы