Бұл туралы сенатор Бауыржан Қаниев Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, бүгінгі таңда елімізде көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары алдында тұрған бірқатар проблема бар. Атап айтқанда, тұрғын және тұрғын емес үй-жайлар иелерінің белсенділігінің төмен деңгейі, кондоминиум объектілерін тіркеудегі проблемалар, сервистік компаниялармен шарттар мәселесі өзекті.
2019 жылы қабылданған мүлік меншік иелерінің бірлестігіне көшу жөніндегі нормалар әлі толық көлемде іске асырылмағанын атап өту қажет. Басқарудың жаңа нысандарына көшу реформасы аясында көппәтерлі тұрғын үйлердің 85%-ы жай серіктестік нысанына көшті, ал мүлік меншік иелерінің бірлестігін небәрі 11,5%-ы таңдады. Сонымен қатар 1436 көппәтерлі тұрғын үй әлі күнге дейін басқарудың ешқандай түрін таңдаған жоқ. Осыған байланысты, Заңда қарапайым серіктестік құру кезінде пәтерлер саны бойынша – 30 пәтерге дейін шектеу көзделеді, - деп атап өтті сенатор.
Сонымен қатар ел аумағында қанша аз пәтерлі үйдің барына тоқталды.
Республика бойынша шамамен 10 211 аз пәтерлі үйлер бар. Мұндай үйлерде пәтерлердің санының аз болуы себепті мүлік меншік иелерінің бірлестігіне немесе қарапайым серіктестікке тиімсіз. Осыған байланысты, басқарудың жаңа нысаны – тікелей бірлескен басқару ұсынылады. Бұл нысанды пәтерлер саны 16-ға дейінгі үйлер үшін жасауға болады, - деді депутат.
Еске сала кетейік, бүгін сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды мақұлдады.
Заң арқылы тұрғындар арасында басқару нысанын таңдау туралы келісімге қол жеткізілмеген немесе олардың ауысуға дайын еместігі бойынша мәселе де шешіледі. Мысалы, жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй инспекциясына бір жылға дейінгі мерзімге уақытша басқарушы компанияны анықтауға мүмкіндік беру туралы норма енгізіледі.
Тұтастай алғанда, заң жобасы көп пәтерлі тұрғын үйлерді басқару механизмін жақсартатын және тұрғын үй қатынастары субъектілерінің кейбір функцияларын нақтылайтын түзетулерді қамтиды.