Елде нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар саны азайып келеді

3 Мамыр 2022, 22:13
1751
Бөлісу:
Елде нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар саны азайып келеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. COVID-19 пандемиясынан кейін 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның еңбек нарығында көрсеткіштердің тұрақты жақсаруы байқалады. 

Өткен жылы жұмыс күші мен жұмыспен қамтылған халық саны өсуді жалғастырды, жұмыссыздық көрсеткіші екі жыл ішінде 4,9% деңгейінде сақталды, азаматтардың еңбекақысы өсті.

Ресми статистикаға сәйкес, 2021 жылы жұмыс күшінің саны 9,26 миллион адамды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 76 мыңға артты. Динамика жұмыспен қамтылғандар санының 2020 жылғы 8,73 млн-нан өткен жылы 8,81 млн адамға дейін өсуімен сипатталады, негізінен өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық санының өсуі есебінен. Жыл ішінде олардың саны 2,5% - ға (51,5 мың) артып, 2,1 млн адамды құрады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың құрылымында 2020 жылмен салыстырғанда нәтижелі жұмыспен қамтылғандар саны 71 мың адамға көбейді, ал нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар саны 19 мыңға қысқарды, бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жалпы санындағы нәтижесіз жұмыспен қамтылу үлесі 9,7% - дан 8,5% - ға дейін төмендеді. Бұл үрдіс өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың табысы бөлігіндегі оң өзгерістерді көрсетеді. Сондай-ақ жалдамалы жұмысшылар саны бір жылда 23,5 мыңға артып, 6,71 млн адамға жетті, – деді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басқарушы директоры Александра Молчановская.

Білім деңгейі бойынша жұмыспен қамтылғандар арасында орта арнайы білімі бар адамдардың үлесі басым (жалпы ел бойынша 43%). Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалалары жоғары білімі бар жұмыспен қамтылғандардың ең жоғары үлесімен (64-74%) және мектеп білімі барлардың ең аз санымен (1-2%) ерекшеленеді.

Кәсіптер бөлінісінде жұмыспен қамтылғандардың жартысынан көбі (53% немесе 4,67 млн адам) 2021 жылы дағдылардың орташа деңгейі талап етілетін жұмыс орындарында жұмыс істеді, үштен бірі (29% немесе 2,58 млн адам) – дағдылардың жоғары деңгейімен және 17% (1,46 млн адам) біліктілігі төмен жұмыс орындарында жұмыс істеді.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша талдауға сәйкес, тауарлар өндірісі салалары (ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және құрылыс) ел бойынша барлық жұмыспен қамтудың үштен бір бөлігін (33%) ғана қалыптастырды. Ал жұмыс істейтін қазақстандықтардың 2/3-і қызмет көрсету секторында жұмыс істеді, олардың сандық өсімі (жиынтығында) жылына 54,5 мың адамды құрады. Бұл ретте жұмыспен қамтылғандар үлесінің ең көп ұлғаюы жылжымайтын мүлікпен операциялар (+6,3% немесе 10 мың адам), өзге де қызметтер көрсету (+5,5% немесе 17 мың адам) және денсаулық сақтау (+2,6% немесе 13,5 мың адам) салаларында байқалды.

Мұндай көрініс пандемияның әлсіреуі, Үкімет қабылдаған азаматтар мен бизнестің қажеттіліктеріне жауап беру жөніндегі икемді және тиімді шаралар сияқты бірқатар факторлардың арқасында қалыптасты.

Біріншіден, халыққа тұрғын үй сатып алу үшін зейнетақы аударымдарын мерзімінен бұрын алу мүмкіндігін беру жылжымайтын мүлік нарығына серпін берді, бұл тиісінше осы сектордағы мамандар санының өсуіне әсер етті. Екіншіден, қызметтердің көптеген түрлеріне шектеу шараларын жеңілдету сұлулық салондары, ателье және басқа да жеке қызмет түрлеріне ие бизнес иелеріне жұмыс персоналын көбейтуге мүмкіндік берді. Үшіншіден, пандемия кезінде салынған денсаулық сақтау саласының резервтік қуаты мамандарды қабылдауды қажет етеді, сондықтан осы саладағы жұмыспен қамту арта берді, – деді Александра Молчановская.

Экономиканың 6 саласы бойынша жұмыспен қамту төмендеді: кәсіби және ғылыми қызмет (-2,9% немесе 7,3 мың адам), өнер және ойын-сауық (-2,7% немесе 3,7 мың адам), қаржы және сақтандыру (-2,2% немесе 4,1 мың адам), тұру және тамақтану (-1,4% немесе 2,8 мың адам), көлік (-1,3% немесе 8 мың адам), мемлекеттік басқару (-1,1% немесе 5,2 мың адам).

Пандемия кезінде жұмыстың жаңа форматтарының таралуын ескере отырып, қашықтан немесе қашықтықтан жұмыс істейтіндердің статистикасын жүргізу қажеттілігі туындады. Мәселен, 2021 жылы елімізде қашықтықтан жұмыспен қамту 54 мыңға жуық адамға жетті, олардың 71%-ы қалада тұрады, бұл бірінші кезекте ауылдағы жұмыспен қамту құрылымымен, сондай-ақ қалада неғұрлым дамыған ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның болуымен байланысты. Сонымен қатар, қашықтықтан жұмыс істейтіндер – бұл әйелдер (66%), сонымен қатар олардың жеке байланыс құралдары бар (86%), – деп атап өтті ЕРДО сарапшысы.

Жалдамалы қызметкерлердің орташа айлық атаулы жалақысы 2021 жылдың 12 айында нақты мәнде 8,3% - ға ұлғайып, шамамен 249 мың теңгені құрағанын атап өткен жөн.

Жалақы бойынша көшбасшылар Батыс – Атырау (айына 412 мың теңге) және Маңғыстау (349 мың теңге) облыстары, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы (341 мың теңге) және Алматы қаласы (293 мың теңге) болып қалуда. Ал елдің бірінші төрттікке кірмейтін басқа өңірлеріндегі орташа айлық жалақы жалпы республикалық көрсеткішке жетпейді және 187-ден 240 мың теңгеге дейін түрленеді.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың әл-ауқаты жақсаруда. Осылайша, жиынтық табысы екі ең төменгі күнкөріс деңгейінен асатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың үлесі 2020 жылғы 71% - дан 2021 жылы 81% - ға дейін өсті.

Қазақстанда жалпы және жастар жұмыссыздығының көрсеткіштері есепті кезеңде өзгерген жоқ, 2021 жылдың қорытындысы бойынша тиісінше бұрынғы 4,9% және 3,8% құрады. Бұл сандық мәнде айтарлықтай өзгерістердің болмауымен байланысты: барлық жұмыссыздардың өсуі тек 0,8 мың адамды құрады, ал жұмыссыз жастардың саны тіпті 2,8 мыңға азайды.

Сонымен қатар, жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі (республикалық мәннен жоғары) Алматы қаласында (5,2%), Түркістан облысында (5,1%) және Шымкент қаласында (5%) байқалды. Жұмыссыздықтың ең төменгі көрсеткіштері Қарағанды облысында (4,5%) және Нұр-Сұлтан қаласында (4,6%) тіркелген.

2021 жылдың соңында ел бойынша тіркелген жұмыссыздық деңгейі 1,7% (153 мың адам) құрады. Бүгінде Электрондық еңбек биржасы (Enbek.kz) арқылы жұмыспен қамтылмаған азаматтар үшін жұмыссыз ретінде тіркелу және жұмысынан айырылу бойынша жәрдемақы төлеуге өтінім беру қызметі қолжетімді. Сондай-ақ, ЭЕБ-да бүгінде түрлі бағыттар мен мамандықтар бойынша 95 мың белсенді бос жұмыс орны ұсынылды.

Жұмысқа орналастыру бойынша кешенді қолдауды қажет ететін азаматтар үшін Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары көзделген: жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша, жұмыс орнында немесе Skills Enbek (skills.enbek.kz) платформасында онлайн форматта қысқа мерзімді оқыту, мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру (қатысу үшін enbek.kz арқылы онлайн өтінім беру мүмкіндігі бар), а сондай-ақ Business Enbek (business.enbek.kz) порталы арқылы өтінім беру арқылы бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар беру.

Өзгелердің жаңалығы