Бұл туралы Цифрлық экономиканы дамыту орталығының бас директоры Бикеш Құрманғалиева елдегі телекоммуникация саласына арналған дөңгелек үстел барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, алкоголь және сүт өнімдерін таңбалау әзірге міндеттелмейді.
2020 жылдан бері темекі өнімдерін, 2021 жылы қараша айынан бері аяқ киім өнімдерін таңбалау бірыңғай операторға ұсынылды. Қазіргі таңда дәрілік заттарды міндетті таңбалау енгізіліп жатыр. Қандай да бір тауар түріне міндетті таңбалауды енгізбес бұрын ережеге сәйкес пилоттық жобалар жүргізіледі, - деп атап өтті орталықтың бас директоры.
Сонымен қатар нормативтік-құқықтық тұрғыда алдымен кез келген тауар тобы бойынша пилоттық жобалар іске асырылатынына тоқталды.
Одан кейін реттеушілік ықпалға талдау жасау, қоғамдық тыңдау орын алады. Мүдделі барлық мемлекеттік органдармен, бизнес қауымдастық, «Атамекен» ұлттық палатасымен таңбалауды енгізу немесе енгізбеу туралы шешім талқыланады. Содан кейін барып қана шешім қабылданады. Қазіргі уақытта зергерлік бұйымдар, су және құрамында қант бар сусындарды таңбалау бойынша пилоттық жобалар жасалу үстінде. Пилоттық жобалардың қорытындысы бойынша алкоголь және сүт өнімдеріне міндетті таңбалауды енгізбеу туралы шешім қабылданды. Бизнес қауымдастықпен келісе отырып, Үкімет осы аталымдар бойынша міндетті таңбалауды енгізуді кейінге шегеру туралы шешім қабылдады. Ал жеңіл өнеркәсіп саласына келер болсақ, мәселе әлі ашық тұр, - деді Бикеш Құрманғалиева.