Ел мұнайы халыққа. «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алып, байып кете аламыз ба?

30 Маусым 2022, 18:15
5189
Бөлісу:
Ел мұнайы халыққа. «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алып, байып кете аламыз ба?

Алматы облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл «ҚазМұнайГаз» ішкі биржаларда өз акцияларын сатады. Оны тек кәнігі инвесторлар емес, халық та сатып алу үшін барлық жағдай жасалмақ. 

«Тікелей жазылу» әдісімен ұлттық мұнай компаниясының акцияларын «Tabys» мобильді қосымшасы немесе «ҚазПоштаның» бөлімшелері арқылы сатып алуға мүмкіндік ашылады. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы. Басты идеясы – халық та мұнайдың иесі болуы тиіс, содан дивидендтер алып, қызығын көруі керек.

Әрине, оның «бірағы» бар екенін айта кету керек. Себебі – ешкім «ҚазМұнайГазды» жіктеп, халыққа теңдей бөліп беремін деп жатқан жоқ. Сарапшылар тұңғыш биржаға шығу кезінде (IPO) ұлттық компанияның әрі кетсе тек 10% акциясы ғана шығатынына сенімді. Одан кейін қайталанған шығарылымдар арқылы (SPO), «Қазатомпромның» жолын қайталап, «ҚазМұнайГаз» биржаға тағы қосымша 15% акция шығара алады. Сонда 25% акция нарықта сатылады, қалған 75 пайызы мемлекет атынан сөйлейтін «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорында қалмақ. Бір сөзбен айтқанда, халықтың бәрі бірігіп, «ҚазМұнайГаздың» 25% үлесіне иелік ететін болады.  

«ҚазМұнайГаз» акциясын сатып алсам, пайда табамын ба?

Біз, яғни халық үшін бұл ең маңызды сұрақ. Пайдасы жоқ болса, ондай акцияның қажеті не?

Біз «ҚазМұнайГаздың» тура «Қазатомпромның» жолымен келе жатқанын көріп отырмыз. Ендеше өзіміздің отандық AIX биржасында 2018 жылдан бастап Қазатомпромның акциясын сатып алғандар табысқа кенелді ме, соны саралап шығуымыз керек.

«Қазатомпром» 2018 жылы 14 қарашада IPO-ға шығып, 15 пайыз акциясын сатты. Сол күні AIX биржасында оның бір акциясы 4530 теңгеге сатылған болатын.

Ел мұнайы халыққа. «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алып, байып кете аламыз ба?
Дереккөз: «Қазатомпром» АҚ

Енді бүгінгі жағдай бойынша дәл осы биржада «Қазатомпром» акциясы 12 135 теңге тұрады. Яғни акциялар 2,6 есеге қымбаттаған.

Ел мұнайы халыққа. «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алып, байып кете аламыз ба?
Дереккөз: «Қазатомпром» АҚ

Ал енді сіздің табысыңызды есептеп көрейік. Сіз 2018 жылы 4530 теңгеге 1 акция сатып алдыңыз дейік. 2019 жылдың қортындысы бойынша сізге дәл сол акцияға 381,72 теңге дивиденд төленді. 2020 жыл бойынша 578,67 теңге, ал 2021 жылдың қортындысынан 876,74 теңге дивиденд алдыңыз. Сонда үш жылдың дивидендін қоссақ 1837,13 теңге шығады. Егер дәл қазір сіз сол бір акцияңызды 12 135 теңгеге сатсаңыз, дивидендтерді қосқанда таза 9 442,13 теңге пайда таптыңыз. 

Мың акцияны 4 530 000 теңгеге сатып алсаңыз, үстінен 9 442 130 теңге таза пайда көрер едіңіз. Егер сол 4 530 000 теңгені орташа 14 пайызбен банк депозитінде 2 жыл ұстасаңыз, тіпті ай сайынғы капитализациясын қосқанда сіз 1 455 209 теңге таза пайда табасыз. Сонда «Қазатомпром» акциясынан түскен кіріс банк депозиті пайдасынан 6 есе (!) артық болып тұр. Қаржылық сауаты мықты азаматтардың акциялар нарығында инвестиция жасайтыны да сондықтан.

Қорыта келгенде айтарымыз: 2,3 миллион теңге тауып, «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алсаңыз, қатты байып кетпесеңіз де, жағдайыңызды едәуір түзеп алуға болады. 

Өзгелердің жаңалығы