Ел болашағы өскелең ұрпақтың білімімен тығыз байланысты – министр

14 Желтоқсан 2022, 15:49
795
Бөлісу:
Ел болашағы өскелең ұрпақтың білімімен тығыз байланысты – министр

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Дэниел Розенблюммен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесуде екі жақ қазақстандық оқушыларды FLEX бағдарламасы бойынша оқыту, педагогтердің біліктілігін арттыру және мұғалімдерге арналған сертификаттар мен курстарды тану мәселелерін талқылады.

Елдеріміз арасында білім беру саласындағы өзара тиімді ынтымақтастық орнатылып, білім берудің барлық деңгейінде бірден бірнеше жоба іске асырылып жатыр. Біз әртүрлі тәжірибе алмасу бағдарламаларын құп көреміз, мысалы, FLEX арқылы 2 000-нан астам оқушы АҚШ мектептерінде оқыды. Ағылшын тілін дамыту - тиімді бағдарламалардың бірі. Бағдарлама қатысушылары ұйымдарымызда ағылшын тілін үйретеді. Сондай-ақ STEM және инклюзивті білім беруді дамыту бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Барлық бағыт бойынша алдағы уақытта ынтымақтастығымыз нығая түсетініне сенемін, - деп айтты Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.

АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Дэниел Розенблюм ынтымақтастыққа дайын екенін айтып, екіжақты байланыстың әлеуетін атап өтті.

Ел болашағы өскелең ұрпақтың білімімен тығыз байланысты. Бұл - өте маңызды миссия. Өзіңіз атағандай, біздің көп жылдар бойғы табысты серіктестігіміз жалғасып келеді. Одан әрі ынтымақтастыққа дайынбыз, оның ішінде, Қазақстандағы мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламалары бойынша, - деп атап өтті АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Дэниел Розенблюм.

Кездесуде білім саласындағы ынтымақтастықтың басқа да мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, колледждерді дамыту, инклюзивті білім беру.

Сонымен бірге тараптар екі елдің мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы әріптестігін одан әрі нығайтуға және кеңейтуге қызығушылық білдірді.

Өзгелердің жаңалығы