Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жобасы нақты нәтиже беріп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл уақытша науқан емес, қоғам санасын ұзақ мерзімде өзгертіп, өркениеттілік стандарттарына көшуге бағытталған бастама.
Табиғатты аялау, өзара құрмет қағидаттарын, сондай-ақ барлық белгіленген нормалар мен ережелерді сақтау отандастарымыздың мінез-құлқының, тіпті ұлт болмысының ажырамас бөлігіне айналуға тиіс. Оның үстіне, қазір Конституцияның өзі осыған міндеттейді. Тазалық, тәртіп және жайлылық әлемде халықтың тұрмыс мәдениеті мен өркениет деңгейінің, сондай-ақ адамгершілік қасиеттерінің көрінісі ретінде қарастырылады. Бұл – ақиқат, - деп атап өтті Президент.
Сонымен қатар ол жақында Астана мен Алматыға Американың белгілі конгрессмендері келгеніне тоқталды.
Олар көшелердің тазалығы мен жинақылығына таңғалып, қаланы басқару деңгейі мен сапасына жоғары баға берді. Әлеуметтік желілерде ірі қалаларымыздың келбетіне тәнті болған шетелдік қонақтар мен туристердің бейнежазбаларын жиі байқаймыз. Көрікті қоғамдық кеңістіктер, қауіпсіздік пен жайлылық шетелде Қазақстанға қатысты оң пікір қалыптастырады. Бұл, әрине, қуантарлық жайт. Дегенмен біз имидж үшін жұмыс істемей, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуды ойлауымыз керек. Басты мақсат – осы. Ел ішіндегі жетістіктер халқымыздың патриоттық сезімін оятады. Өз елін мақтан тұтып, туған жерге пайдасын тигізуге үндейді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға тоқталды.
Біз цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту жолында нық қадам бастық. Табыстарымыз көзге көрініп тұр, оны күнделікті өмірде пайдаланып та жүрміз. Бұған дейін атап өткенімдей, елордадағы Урбанистика орталығының тәжірибесін таратудың маңызы зор. Олар қала кеңістігін дамытуда заманауи тәсілдерді сәтті қолданып келеді. Орталық елорданың бірыңғай сәулет стилін айқындайтын үлгілер мен дизайн-код әзірлеуде. Әрине, шетелдік тәжірибе де пайдаланылады.Бұл – қажет іс. Барлық өңірде осы іспетті орталықтардың жұмысын уақыт оздырмай жолға қою қажет. Олар шаһарлардың біртұтас әрі үйлесімді келбетін қалыптастыруға тиіс. Сонымен қатар Үкімет пен әкімдер қала және ел ішіндегі, яғни ірі немесе шағын қалалардан тысқары жолдардың сапасына баса назар аударуы керек. Бұл – біздің ең осал тұсымыз, оны мойындаған жөн. Мұны ешкім шеше алмады немесе шешуге құлық танытпады. Масқара жағдай. Оны саботаж деуге болады. Заң аясында қатаң шаралар қолданамыз, - деді Президент.