Ел аумағынан металдардың сынықтары мен қалдықтарын шығаруға уақытша тыйым салынды

12 Мамыр 2022, 12:53
1310
Бөлісу:
Ел аумағынан металдардың сынықтары мен қалдықтарын шығаруға уақытша тыйым салынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда ел аумағынан қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарын шығаруға уақытша тыйым салынды. 

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте ИИДМ Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов мәлім етті.

Шектеуді енгізудің негізгі себебі - еліміздің қайта өңдеушілері үшін қайталама шикізаттың тапшылығы және толық жүктелмеге ие болмауы.

Тұрар Жолмағамбетовтің айтуынша, металл сынықтарын шекарадан теміржол көлігімен тасымалдауға болады. Ал түрлі-түсті сынықтар мен қалдықтар үшін толық шектеу енгізілген. Бүгінгі таңда қазақстандық қайта өңдеушілерге тіпті ішкі сынық айналымы жетіспейді және олар көрші мемлекеттерден импорттауға мәжбүр.

Сынықтардың шығарылуын шектей отырып, біз шикізатты өңдеу, ішкі нарықты қажетті өніммен қамтамасыз етуді көздеп отырмыз. Мысалы, 2021 жылы ҚР-дан РФ-ға 124 млрд теңгеге 754 мың тонна қара металдардың сынықтары пен қалдықтары шығарылды. Бір тоннаның орташа бағасы 165 мың теңге. Осы жылы РФ-дан ҚР-ға 260 млрд теңгеге шамамен 700 мың тонна құрылыс арматурасы импортталды. Бір тоннаның орташа бағасы 375 мың теңге. Осылайша біз бағасы тоннасына 1 млн теңгеге дейін жететін швеллерлерді, қос таврларды, құбырларды және басқа да бұйымдарды импорттаймыз, - дейді ИИДМ өкілі брифингте.

Айта кетейік, Қазақстанда металл сынықтары мен қалдықтарын негізгі шикізат ретінде пайдаланатын 20-дан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл компаниялар өндірісінің жиынтық көлемі 2 трлн теңгеден асады, ал экспорт 2,5 млрд АҚШ долларынан асады. Аталған кәсіпорындарда 37 мыңнан астам адам еңбек етеді және жылына 119 млрд теңгеден астам салық төлейді.

Өзгелердің жаңалығы