Екпенің індетті тоқтататын маңызды құрал екенін ұғынатын уақыт жетті – Қалиев

28 Шілде 2021, 09:25
1848
Бөлісу:
Екпенің індетті тоқтататын маңызды құрал екенін ұғынатын уақыт жетті – Қалиев

 

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бір жарым жылдан бері бүкіл әлем жұртшылығы әдеттегі өмір салтын өзгерткен коронавирустық инфекцияның пандемиясымен күресу үстінде. Дүниежүзіндегі миллиондаған отбасылар вирустық инфекциядан зардап шекті.

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, барлық елдің билігі, соның ішінде Қазақстан Үкіметі де күн сайын қауіпті індеттен құтылудың жолын іздеуде және оның жайылу қарқынын бәсеңдету үшін күресіп жатыр. 

Ресми деректер Қазақстанда коронавирустық инфекцияның зертханалық расталған жағдайлары 540 мыңнан асқанын айғақтайды. Тек Жамбыл облысының өзінде 11 563-ке жетті. Бұл сан, өкінішке қарай күн сайын артып келеді. Көпшілік енді COVID-19 коронавирустық инфекциясының одан әрі таралуын болдырмаудағы маңызды қадамы – жалпы вакцинация екенін ұғынатын уақыт болды. Бұл – қоғамда вирусқа қарсы ұжымдық иммунитетті қалыптастырып, оның таралу тізбегін үзуге қабілетті құрал. Вакцинация тұрғындарды дерт жұқтырудан қорғайды немесе ауыр асқынуларды болдырмайды. Қауіпті індет жұға қалған жағдайда аурудың жеңіл өтуін қамтамасыз етеді, - деп атап өтті басқарма басшысы. 

Аймақтың бас дәрігері Мемлекет басшысының тапсырмасымен биылғы ақпаннан бастап елімізде коронавирустық инфекцияға қарсы жалпы республикалық егу науқаны басталғанын еске салды. Бірінші кезеңде ресейлік «Спутник V» вакцинасы сатып алынғаны есімізде. Рекордтық қысқа мерзімде Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында «Спутник V» вакцинасы өндірісін оқшаулау жүзеге асырылды. Бүгінгі таңда Қазақстанда екпелердің төрт түрі қолданылады. Олар – қазақстандық QazVac (QazCovid-in), ресейлік «Спутник V», Қытай Халық Республикасында өндірілген Sinopharm (Hayat-Vax) және CoronaVac.

Ағымдағы жылдың ақпанынан бері қарай Жамбыл облысына «Спутник V» екпесінің бірінші компонентінен 251 400 доза жеткізілсе, екінші компонентінен 191 700 доза әкелінді. Ал QazVac-тың екі турынан 10 мың дозасын сатып алдық. CoronaVac вакцинасының да екі турынан 34 мың доза жеткізілді. Hayat-Vax-тың екі турынан 60 мың дозасын сатып алған болатынбыз, - деді Әсет Әскерұлы. 

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми ақпаратына сәйкес, бірінші компонентпен 5 188 266 адам вакцинацияланыпты. Олардың 3 356 960-ы екпенің екі дозасын алып үлгерген. Ал Жамбыл облысында барлығы 276 863 адам егілген. Бұл вакцина алуы тиіс 582 мың тұрғынның 47,6%-ын құрайды. Мұның ішінде 18 188-і медицина қызметкерлері болса, 34 297-сі – білім беру саласының мамандары, 18 790-ы – күштік құрылымдардың қызметкерлері, 6 454-і мемлекеттік қызметшілердің қатарынан. 9 057-сі студенттер екен, 568 адам – әлеуметтік, 36 113-і – созылмалы аурулары бар адамдар, 153 396-сы – басқа тұрғындар. Екпе алған 276 863 азаматтың 172 922-сі вакцинацияның екі турын да қабылдаған. Бұл жалпы екпе алуы тиіс тұрғындардың 29,7%-ын қамтиды.

Аймақта вакцинациядан кейінгі реакциялар мен асқынулар тіркелген жоқ. Біздің облыс аумағындағы 23 медициналық ұйымда 43 егу пункті бар, оның 15-і қалада орналасса, 28-і аудандарда қамтамасыз етеді. Жалпы, вакцинациялауға профилактикалық егуге қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар жіберіледі. Екпе жүргізер алдында дәрігер кез келген азаматқа міндетті тексеру жұмыстарын жүргізіп, дене температурасын өлшейді, эпидемиологиялық анамнезді деректерге мән береді, сатурацияны, жүрек жиырылуының жиілігін, артериялық қысымды өлшейді, тыныс алу және жүрек-қантамыр жүйесін аускультациялайды және жұтқыншақты тексереді. Егер температурасы 37°C-тан жоғары болса, вакцинация кейінге қалдырылады, - деп түсіндірді өңірдің бас дәрігері. 

Жауапты маманның сөзінше, вакцинаның қандай да бір компонентіне немесе құрамында ұқсас компоненттері бар екпеге аса жоғары сезімталдық, анамнездегі ауыр аллергиялық реакциялар, жіті инфекциялық және инфекциялық емес аурулар, созылмалы аурулардың өршуі сынды көрсеткіштер болса, вакцинация жүргізілмейді. Сонымен қатар ремиссиядан кейінгі 2-4 апта ішінде, жүктілік және емшек емізу кезеңінде, 18 жасқа дейін екпе салынбайды.

Вакцина егу үшін кем дегенде бір сағат бос уақыт қажет. Оның 10 минуты егу алдындағы дәрігердің қарауы болса, шамамен 15 минут препараттарды дайындауға кетеді. Вакцина мұздатылған күйінде сақталады, препарат емшара алдында ерітіледі. Әрбір тұрғын осыған назар аударғаны абзал. Вакцинациядан кейін бақылауға кем дегенде 30 минут керек. Екпеден соң да медициналық бетперде киюді жалғастыру, жеке қорғаныс шараларын және 1,5-2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтау қажет екенін еске саламын, - деді басқарма басшысы. 

Ол жаз айларының демалу, саяхаттау және жаңа кездесулер уақыты екенін атап өтті. Осыған орай, әлеуметтік байланыстардың қатары артуда. Өкініштісі, коронавирустық инфекцияны, оның ішінде денсаулыққа қауіпті жаңа штамдардың бірін жұқтыру ықтималдығы өсе түскен. Сол себептен екпе алуға асыққан жөн.

 

Өзгелердің жаңалығы