"Екпені әдейі салғызбай отырғандар бар". Смайылов ата-аналарға ескерту жасады

9 Қаңтар 2024, 10:30
2105
Бөлісу:
"Екпені әдейі салғызбай отырғандар бар". Смайылов ата-аналарға ескерту жасады
Фото: primeminister.kz

Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол жұқпалы ауруларды азайту шаралары Үкіметте бірнеше рет қаралғанын атап өтті.

Жалпы, мониторинг қорытындысы бойынша өткен жылы ең қауіпті инфекциялармен (оба, дифтерия, тырысқақ, сіреспе және т.б.) ауырған науқастар тіркелген жоқ . Кең таралған вирустық инфекциялар бойынша да көрсеткіштер (В вирусты гепатиті, ротавирусты инфекция, дизентерия және т.б.) төмендеді, – дейді ол.

Смайылов өткен жылдан бері елімізде қызылшамен ауырғандар саны айтарлықтай өсіп кеткенін айтады.

Ол соңғы 10 жылда болмаған көрсеткішке жетіп отыр . Олардың 80%-ке жуығы – 14 жасқа дейінгі балалар. Ауырғандардың көпшілігі – тиісті екпе алмағандар. Екпе алмаған науқастардың ауруы асқынып кету қаупі жоғары. Мұндай жағдайлар қазірдің өзінде тіркеліп отыр, – деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, ата-аналардың арасында балаларына екпені әдейі салғызбай, бас тартып отырғандардың қатары аз емес.

Мұның соңы ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін. Сондықтан жағдайды тұрақтандырудың жалғыз жолы – екпе салу. Қызылшаға қарсы жаппай иммунизация жүргізу үшін қосымша 1,5 млн доза вакцина сатып алынды. Осы мақсаттар үшін Үкімет өткен жылдың қыркүйек айында резервтен 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлді, – дейді Әлихан Смайылов.

Өзгелердің жаңалығы