- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Экономист жастар неге несиеге тәуелді болып бара жатқанын түсіндірді
Экономист жастар неге несиеге тәуелді болып бара жатқанын түсіндірді
Әрбір екінші қазақстандық қарызбен өмір сүріп жатыр.
Кеше 2026, 12:30
Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, Қазақстанда несиесі бар азаматтар саны 10 496 525 адамға жеткен. Бұл ел халқының 51,2%-ы, яғни әрбір екінші қазақстандық қарызбен өмір сүріп жатыр деген сөз. Бұл жағдай қарыз қаражаты халықтың нақты табысын белсенді түрде алмастыра бастағанын көрсетеді. BAQ.KZ тілшісі бұл үрдістің экономикаға қалай әсер ететінін экономист Бауыржан Ысқақовтан сұрап көрді.
Бауыржан Ысқақов Қазақстанда жастар арасындағы несие көлемінің артуы бірнеше экономикалық және әлеуметтік өзгерістің көрсеткіші екенін айтты. Оның пікірінше, бұл бір жағынан цифрлық банкинг пен онлайн несиенің қолжетімді болғанын көрсетсе, екінші жағынан жастардың қаржылық қысымға түсе бастағанын аңғартады.
Бір жағынан бұл тұтынушылық экономиканың күшеюі, яғни цифрлық банкинг пен онлайн несие беру қызметтерінің кеңеюі, яғни қазір жастар қаржы құралдарына бұрынғыдан оңай қол жеткізе алады, - деді Бауыржан Ысқақов.
Сонымен қатар ол тұрғын үй бағасының қымбаттауы, инфляция мен күнделікті шығындардың өсуі жастарды қарыз арқылы өмір сүруге итермелеп отырғанын жеткізді.
Сондықтан бұл тек экономикалық белсенділік қана емес, белгілі бір деңгейде қаржылық қысымның да белгісі болып табылады деп ойлаймын, - деді экономист.
"Несие ішкі нарықты жандандырады, бірақ..."
Сарапшының айтуынша, жастардың кредитке тәуелді болуы қысқа мерзімде ішкі тұтыну нарығына оң әсер етеді.
Несие арқылы көбіне техника, жиһаз, қызмет түрлері сатып алынады. Бұл сауда мен қызмет көрсету секторына серпін береді, - деді ол.
Алайда экономист ұзақ мерзімде халық табысының басым бөлігі қарыз өтеуге кетсе, тұтыну қабілеті әлсірейтінін айтты.
Экономикада болашақ табысты алдын ала жұмсау үрдісі күшейеді. Яғни бұл кейін ішкі сұраныстың баяулауына және экономикалық өсім қарқынының төмендеуіне әкеліп соғуы мүмкін, - деді Бауыржан Ысқақов.
Банк секторына қауіп артады
Экономист жастардың қарыз жүктемесі бақылаусыз өссе, банк секторына да қауіп күшейетінін айтты.
Ең алдымен проблемалық несиелер саны көбеюі мүмкін. Төлем қабілеті әлсіз қарыз алушылардың үлесі артқан сайын банктердің қаржылық тұрақтылығына қысым түседі, - деді ол.
Сонымен қатар ол тұтынушылық несиенің шамадан тыс өсуі қаржы нарығында “несиелік көпіршік” қалыптастыру қаупін арттыратынын жеткізді.
Ондай жағдайда экономикалық дағдарыс және табыстың төмендеуі жаппай төлемнің кешіктірілуіне алып келуі ықтимал, - деді сарапшы.
Білім мен кәсіпке бөлінетін ақша азаяды
Бауыржан Ысқақов жастар табысының едәуір бөлігі несиеге жұмсалған кезде экономиканың өзге салалары зардап шегуі мүмкін екенін айтты.
Мысалы білімге, денсаулыққа, жинаққа немесе кәсіп бастауға бағытталатын қаражат азаяды. Ұзақ мерзімде бұл адами капитал саласына әсерін тигізеді, - деді ол.
Экономистің сөзінше, мұндай жағдайда шағын және орта бизнеске деген сұраныс та төмендеуі ықтимал.
Өйткені халықтың еркін жұмсайтын қаражаты қысқара бастайды. Яғни экономикадағы қаржының көбіне банктің қарыз айналымына кетіп, инвестицияларға аз бөліну процесі болуы мүмкін, - деді Бауыржан Ысқақов.
Несиені көп алу – әл-ауқаттың артқанын білдірмейді
Сарапшы жастар арасындағы несие көлемінің көбеюін халықтың әл-ауқаты артты деп біржақты бағалауға болмайтынын айтты.
Егер несиелер тұрғын үй алу, білім алу, инвестиция салу немесе кәсіп ашу сияқты ұзақмерзімді мақсаттарға бағытталса, бұл экономикалық дамудың белгісі болуы мүмкін, - деді ол.
Ал егер қарыз күнделікті тұтыну мен базалық қажеттіліктерді жабу үшін алынса, бұл қаржылық тұрақсыздықтың белгісі екенін айтты.
Қазіргі жағдайда Қазақстандағы тұтынушылық несиенің жоғары үлесі халық табысының инфляция қарқынына ілесе алмай отырғандығын да біз байқаймыз, - деді экономист.
"Қаржылық сауаттылықты мектептен бастау керек"
Бауыржан Ысқақов жастардың қаржылық тұрақтылығын күшейту үшін мемлекет бірнеше бағытта жұмыс істеуі керек деп есептейді.
Біріншіден, қаржылық сауаттылықты мектептен бастап жүйелі оқыту керек. Екіншіден, жастардың табысын арттыратын сапалы жұмыс орындарын көбейту керек, - деді ол.
Сондай-ақ сарапшы банктердің тәуекелі жоғары несиелерді шектен тыс беруіне бақылауды күшейту қажет екенін айтты.
Жеңілдетілген білім несиелері, қолжетімді ипотека және кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары тиімді болуы керек, - деді Бауыржан Ысқақов.
Экономист ең басты мәселе халық табысын арттыру екенін жеткізді.
Өйткені тұрақты табыс болған кезде несиеге тәуелділік те азаяды деп ойлаймын, - деп түйіндеді маман.
Тағы оқи отырыңыздар: Шәкіртақымен ипотека алу: Қазақстанда студенттер қалай баспаналы бола алады?
Ең оқылған:
- 100 жолаушының 40-ы "қоян": Автобусқа мінген бойда төлем жасамағандар жазаланады
- Талдықорғанда 17 жастағы жасөспірім студентті пышақтап өлтірді
- Қырғызстанда Олжас Сүлейменовке Нобель сыйлығын беру ұсынылды
- Индонезиядағы тайпалар қақтығысында 13 адам қаза тапты
- Қазақстандықтардың зейнетақы жинағы қалай қорғалады?
Сымбат Сатыбалдина