Сыртқы экономикамен байланысы бар компаниялар білуі тиіс 5 маңызды мәселе

6 Қазан 2020, 20:39
2001
Бөлісу:
Сыртқы экономикамен байланысы бар компаниялар білуі тиіс 5 маңызды мәселе

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті сыртқы экономикалық қызметке қатысушы компаниялар білуі керек 5 маңызды мәселені атады.

1. Барлық импортталатын жүктерді кеден қызметкерлері жаппай тексере ме?

Жоқ. Кеден мамандары барлық жүктерге жаппай тексеру мен көзбен шолып сараптауды жүргізбейді. 2020 жылдың 8 айында кедендік бақылаумен импортталатын тауарларға декларациялардың 39% қамтылды. Олардың тек 10%-ы физикалық бақылауға (тексеріп қарау, сараптама) келеді. Декларациялардың 61%-ы жүйе арқылы автоматты түрде шығарылады.

2. Кеден мамандары тексеру үшін тауарларды қалай таңдайды?

Қолданыстағы кеден заңнамасына, Дүниежүзілік кеден ұйымының жалпы әлемдік практикасы мен ұсынымдарына сәйкес санаттауда қолданылатын тәртіптер, өлшемдер туралы мәліметтер құпия ақпарат болып табылады және тек қызметтік мақсаттарда пайдаланылады.    

Жалпы алғанда, тексеру үшін кедендік бақылаудың объектілері мен нысандарын таңдай отырып, мемлекеттік кірістер органдарының мамандары тәуекелдерді басқару жүйесін пайдаланады.

Сыртқы экономикалық қызметтің фискалдық және басқа да көрсеткіштерін негізге ала отырып, сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды тәуекел деңгейі төмен, орташа және жоғары деп 3 санатқа бөлінеді. Кеден мамандарының басты назары соңғы санаттағы компаниялар мен тауарларға аударылатыны түсінікті.

3. Қандай критерийлер бойынша компаниялар жоғары тәуекел деңгейіне жатады?

Бұл, ең алдымен, барлығы:

- салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешегі бар компаниялар;

- соңғы 12 айда әкімшілік немесе қылмыстық бұзушылықтары бар компаниялар;

- сыртқы экономикалық қызметті 1 жылдан кем уақыт жүзеге асыратын компаниялар.

Сондай-ақ, тауарларды импорттайтын мынадай компаниялар:

- зияткерлік меншік құқықтарын қорғаумен байланысты (құқық иеленушінің келісімінсіз тауарларды не контрафактілік өнімдерді әкелу тәуекелі бар)

- қолданыстағы мемлекеттік тыйым салулар мен шектеулерге түсетін;

- лицензиялауға не сертификаттауға жататындар.

4. Қандай критерийлер бойынша компаниялар төмен тәуекел санатына жатады?

Мамандар төмен тәуекел деңгейіне мыналарды жатқызады:

- дипломатиялық өкілдіктер (елшіліктер, консулдықтар) - "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Кодекстің 80-бабының 7-тармағына сәйкес;

- уәкілетті экономикалық операторлар (бұдан әрі - УЭО) - "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы"кодекстің 529-бабы 3-тармағына сәйкес УЭО мәртебесі бар заңды тұлғалар. УЭО тізілімі ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтында орналастырылған;

- екі жылдан астам сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыратын ірі салық төлеушілер - ҚР салық заңнамасына сәйкес мониторингке жататын ҚР Үкіметі бекіткен салық төлеушілердің тізбесіне енгізілген заңды тұлғалар. Бұл тізбе Қазақстанның нормативтік-құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған;

- отандық тауар өндірушілер-Кеден одағының және (немесе) Қазақстан Республикасының кедендік заңнамасына сәйкес жеткілікті қайта өңдеу өлшемдеріне сәйкес тауарлар өндіруді немесе тауарларды ҚР-да жеткілікті қайта өңдеуді жүзеге асыратын заңды тұлғалар. Бұл ақпарат ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінен МКК-не түседі. Осыған ұқсас ақпарат stat.gov.kz сайтында бар.

- жобалары іске асырылған не іске асырылу сатысында тұрған арнайы экономикалық аймақтардың қатысушылары;

- инвестициялық келісімшарттар жасасқан не жобалары республикалық Индустрияландыру картасына енгізілген инвесторлар;

- жобалары үкіметаралық келісімдермен реттелетін инвесторлар.

Сондай-ақ, жақсы кедендік және салықтық беделге ие, нарықта өздерін дәлелдеген, төлемдер мен салықтарды төлеу бойынша берешегі жоқ ірі және тұрақты компаниялар, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту фактілерін жоқ компаниялар.

5. Тәуекел деңгейі төмен компаниялар кеденнен қандай жеңілдіктер алады?

Тәуекел деңгейі төмен СЭҚ қатысушыларына қатысты кедендік тазарту кезеңінде кедендік құнға бақылау жүргізілмейді, кедендік тексеріп қарау мен сараптама тағайындалмайды.

Лицензиялауға, сертификаттауға жататын немесе қолданыстағы мемлекеттік тыйымдар мен шектеулері бар, зияткерлік меншік құқықтарын қорғауға байланысты тауарлардың импортына қатысты бұл жеңілдіктер қолданылмайды.

Мұндай жағдайларда сенімді компаниялар арасында МКК мамандары тауарды шығарғаннан кейін, тауарлар "жоғалады" деп қорықпай, кедендік бақылауды ішінара жүргізеді.

Бұдан басқа, кедендік бақылау Қазақстан Республикасының және басқа елдердің құқық қорғау немесе өзге де мемлекеттік органдарынан келіп түскен ҚР заңнамасының бұзылуы туралы ақпарат бойынша, сондай-ақ мемлекеттік кірістер органдарында осындай ақпарат болған кезде жүргізілуі мүмкін.

Өзгелердің жаңалығы