Экономика – ШЫҰ қызметінің басты векторы

26 Қыркүйек 2019, 21:31
1864
Бөлісу:
Экономика – ШЫҰ қызметінің басты векторы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өзбекстанның астанасында Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше-мемлекеттердің сыртқы экономикалық және сыртқы сауда қызметіне жауап беретін министрлерінің XVIII кеңесі өтті. 

ШЫҰ – Қазақстан үшін сыртқы саясаттағы негізгі басымдықтың бірі. Еліміз экономика, инвестиция, қаржы, сауда, көлік және басқа да саладағы бірқатар мәселелер бойынша белсенді ынтымақтастықта. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов құттықтау сөзінде айтты.

ШЫҰ әлем халқының 40 процентке жуығын біріктіреді. Бұл аумақта әлемдік ЖІӨ-нің ширегі өндіріледі. Мұндай салмақты әлеует барлық саладағы ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік береді. Басты бағыттың бірі экономикалық ынтымақтастық болып отыр.  

 «Бұрын қол жеткізілген, атап айтқанда, ШЫҰ көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы мен Жобалау қызметін одан арғы дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын, сондай-ақ біздің Ұйымның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын орындау бойынша Іс-шаралар жоспарында белгіленген уағдаластықтарды іске асыру жұмысын айрықша бөліп көрсеткім келеді», - деді министр.

Тараптар аймақтық-экономикалық өзара іс-қимылды одан арғы дамыту бойынша көптеген мәселелерді қарастырды. Сондай-ақ әріптестер ШЫҰ кеңістігіндегі сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың жағдайы мен перспективалары туралы пікір алмасты.

«ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сауда-экономикалық және инвестициялық қызметінде ұлттық валютаны пайдалану үлесін ұлғайту аймақтық ынтымақтастықтағы маңызды бағыттың бірі ретінде көрініс табуда. Құжат ШЫҰ-дағы қаржы механизмдерін құру туралы мәселені одан ары оң қарастырудың алғашқы қадамына айналуы тиіс деп есептейміз», - деп мәлімдеді спикер жоғары деңгейдегі министрлердің 18-кездесуінде.

Руслан Дәленов сөзінің соңында кеңесті ұйымдастырушыларға жылы қабылдау үшін алғысын жеткізіп, кездесудің және алдағы Үкімет басшылары кеңесінің ШЫҰ мүше елдері арасындағы экономикалық және өзара тиімді әріптестік қатынастарды тереңдету үшін күшті серпін беретініне сенім білдірді.

Өзгелердің жаңалығы