Экономика өсіп келеді. Бірақ ненің есебінен?

13 Мамыр 2022, 17:07
2306
Бөлісу:
Экономика өсіп келеді. Бірақ ненің есебінен?

Алматы облысы, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет өзінің кезекті отырысында еліміздің биылғы қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қортындысын шығарды. 

Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сәйкес, биылғы қаңтар-сәуір айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,4% құрады. Оның басты себептері ретінде нақты сектордың 5,1%-ға өскені, экспорт көлемінің ұлғайғаны мен қызмет көрсету саласындағы іскерлік белсенділіктің 3,4%-ға дейін өскені айтылды. Бұл 4 айдың қортындысы екенін ескерсек, жыл аяғында осы қарқынды сақтап қала аламыз ба деген сұрақ туындайды.

2022 жылы экономикамыз қанша пайызға өседі?

Жыл басында Дүниежүзілік банк Қазақстан экономикасы 2022 жылы 3,7 пайызға өседі деген болжам жасаған еді. Артынан, Ресейдің Украинаға ашқан соғысы салдарынан санкциялар пакеті қабылданғандықтан, Дүниежүзілік банк өсім бойынша болжамын 1,8%-ға түсірді. 

Дүниежүзілік банк сарапшыларының пікірінше, Ресейдің экономикалық құлдырауының жанама әсерлері Қазақстанның жеткізу тізбегін бұзады және оның өсу перспективаларына нұқсан келтіреді. Саудадағы үзіліс, бизнес сенімінің төмендеуі және валюта бағамындағы құбылмалылықтың артуы да өсу қарқынының төмендеуіне әкелмек.

Ия, қазір біз Дүниежүзілік банк айтқандай экономиканың тек 1,8 пайыз өсім көрсетіп отыру бойынша динамикасын байқап отырған жоқпыз. 

Бірақ осы оптимистік тренд қаншалықты ұзаққа созылуы мүмкін? Мәселе осында. Ресей біз үшін ең басты транзиттік коридор болғаны жасырын емес. Мұнайымыздың кем дегенде 90 пайызы Ресей арқылы тасылып жатқандығын ескерсек, дәл қазір Каспий теңізі арқылы Қазақстаннан Әзірбайжанға жүретін коридордың әлеуеті тым әлсіз екенін де ойда ұстасақ, Ресей тарапынан транзиттік тізбек жабылып қалса, экономикаға қатты соққы тиері анық. Болжам кезінде таза экономикалық есептен көрі, геосаяси фактордың салмағы ауыр болып тұрғанын айтар едім. 

2021 жылдың қортындысы бойынша біздің экономикамыз 4 пайызға өсті. Оның алдында, пандемия салдарынан толық карантинге жабылған 2020 жылы экономиканың құлдырауы 2,6 пайыз болған еді. Құлау компенсациясын есептегенде 2019 жылдан бері экономикамыз 1,4 пайызға алға жылжыды деп санауға болады. Сонда биылғы 4 айдың 4,4% өсім динамикасын ескерсек, оған сауда тізбегі тәуекелдерін қоссақ, биыл кем дегенде 2,2% өсіммен шығатынымызды болжаймын.

Бұл «Қаңтар оқиғасынан» өткен, Ресей санкцияларынан оның негізгі сауда әріптесі ретінде жапа шегіп отырған ел үшін жаман емес.

Мұнай - бағымыз бен сорымыз

Cоңғы 3 жылда экономикалық өсім мен құлдырау динамикасын сараласақ, оның барлығы мұнай бағасына байланғанын анық көреміз. Мысалы, экономика құлаған 2020 жылы Brent фьючерсінің бір жылдық орташа бағасы барреліне 41,63 долларды көрсетті. Ал 2021 жылы барреліне 71,49 доллар болып өсті. Дәл сол кезде біздің экономикамыз да 4,4% өсім көрсетті. Ал биылғы жылдың 5 айындағы Brent баррелінің орташа бағасы 103,63 доллар шамасында. Экономика өсімі 4,4%. Нақты заңдылықтар мен байланысты байқаған боларсыздар.

Үкіметтің тағы бір статистикасынан осы заңдылықты аңғаруға болады. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуы бойынша, биылғы қаңтар-наурыз айларында сыртқы сауда тауар айналымы 45%-ға өсіп, 28,7 млрд долларды құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 66%-ға өсіп, 19,1 млрд долларға дейін жетті. Бұл ретте, өңделген тауарлар экспорты 32,4%-ға артып, 5,3% млрд доллар болды. Мұнда сома түрінде жалпы экспорттың 66 пайызға артқанын көрсек, оның ішінде тауар экспорты 32,4 пайызға артқан. Қалған өсімнің барлығы мұнай бағасының қымбаттауынан орын алып отыр.  3 айда экспортталған 19,1 миллиард доллардың 5,3 миллиарды ғана тауар болса, қалған 13,8 миллиард доллардың шикізат, яғни – мұнай мен металлдан түсіп отырғанын көреміз.

Осыған қарап, біздің экономикалық болашағымызды болжауда аса бір аналитик, керемет экономист болудың қажеті жоқ екенін байқайсыздар. Егер мұнай бағасы жоғары болса біз өсеміз, төмендесе экономикамыз кері кетеді. Бұл маңдайында «ресурстық қарғысы» бар елдердің көріп отырған ортақ жағдайы.

Өзгелердің жаңалығы