Ертіс өңірінің экологтары жүргізген жоспардан тыс тексеріс барысында заң талаптарын бұзу деректері анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Мағзұм Кокумбаевтың айтуынша, тұрғындар мен құқыққорғау органдарының өтініші бойынша жеті тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде 17 нысанның экология талаптарын орындау бойынша тексеріс ашылып, 52 заңбұзушылық анықталды.
Тексеріс нәтижелері бойынша олқылықтарды жою бойынша 14 ескерту берілді. Оларға жалпы сомасы 8,7 млн теңге болатын 21 әкімшілік айыппұл салынды. Осы күнге дейін қаражат толық өндірілді. Сонымен қатар екі нысанға шаруашылықтарын тоқтату жөнінде сотқа екі шағым жолданды. Бір өтінішіміз толық қанағаттандырылып, заң бұзған кәсіпорынның жұмысы тоқтатылды, - дейді Мағзұм Кокумбаев.
Павлодар облысы қоршаған ортаның техногендік ластану деңгейі жоғары өңірлердің қатарында. Зиянды заттаардың 95%-ы бірінші санаттағы 64 өндіріс ошағына тиесілі. Аймақ экологиясына кері әсерін тигізетін өнеркәсіп нысандарының басым бөлігін отын-энергетика, металлургия, мұнай-химия, тау-кен кешендері құрайды.
Мамандардың айтуынша, атмосфералық ауаға антропогендік кері әсер облыс орталығы мен екі шағын қалада қалыптасқан. Өндірістен келетін зиянды заттардың 410 тоннасы Екібастұз қаласына, 279 тоннасы Ақсу қаласына және 243 мың тоннасы Павлодар қаласына тиесілі. Аудандарға тасталатын қалдықтар 5%-дан аспайды.
Өткен жылы қоршаған ортаға түскен нақты шығарындылардың көлемі 703,97 мың тонна. Ресми мәлімет бойынша жылдық шектеу 909,3 мың тонна көлемінде. Бұл - өткен жылмен салыстырғанда 22,5 мың тоннаға аз көрсеткіш.