Экология министрі румын компанияларын әріптестік орнатуға шақырды

30 Қазан 2020, 14:15
1017
Бөлісу:
Экология министрі румын компанияларын әріптестік орнатуға шақырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев румын компанияларын «Waste to Energy» механизмін енгізу аясында әріптестік орнатуға шақырды. 

Мұндай ұсынысты ол Қазақстан-Румыния Үкіметаралық комиссиясының онлайн-режимінде өткен 15-ші отырысында айтты, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Жиналысқа Комиссияның қос тараптағы тең төрағалары, жауапты министрліктер өкілдері, екі елдің өкілетті елшілері қатысты. Қазақстан тарапын ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Румыния жақты елдің энергетика және іскерлік орта министрі
Вирджил-Даниэль Попеску басқарды.

Мырзағалиев Румыния өкілдеріне әріптестік аясын кеңейтуді ұсынып, жаңа бағыттар бойынша бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Атап айтқанда, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу арқылы энергия алу бойынша ұсыныс жасады.

Қазір Қазақстан «Waste to Energy» механизмін, яғни қалдықтарды термиялық утилизациялау мәселесін қарастырып жатыр. Еліміз 7 қоқыс жағатын зауыт салуды жоспарлауда. Румын компанияларын аталған жобаға қатысуға шақырамын, - деді Экология министрі.
Сонымен бірге, Мағзұм Мырзағалиевтің пікірінше, Қазақстан мен Румыния Каспий теңізінде салқын суға бейімделген лосось, форель сияқты балықтарды өсіру, балық шаруашылығына арналған азық өндіру бойынша әлеуетті әріптестік орната алады.

2019 жылы Қазақстанда балық және балық өнімдері өндірісі 52 мың тоннаны құрады. Экспорт 30 мың тоннаға жетті (60 млн АҚШ доллары).

Каспий теңізіндегі балық шаруашылығы әлеуеті 500 мың тоннаға жетеді. Көрші елдердің экспортқа арналған потенциалын және ыңғайлы орналасуын ескере отырып, румын компанияларын аталған салаға инвестиция салуға шақырамын, - деп айтты Экология министрі.
Тараптар экономика, сауда және инвестиция, өнеркәсіп, денсаулық сақтау, ғарышты игеру және тағы басқа салалар бойынша да екіжақты әріптестік мәселелерін талқылады.

Жиналыс қорытындысы бойынша Қазақстан-Румыния Үкіметаралық комиссиясының 15-ші отырысының сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық әріптестік туралы хаттамасына қол қойылды.

Өзгелердің жаңалығы