Экология министрі халықты сапалы сумен қалай қамтамасыз ететіндерін айтты

27 Қазан 2020, 09:31
1678
Бөлісу:
Экология министрі халықты сапалы сумен қалай қамтамасыз ететіндерін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Үкіметтің онлайн отырысында халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге байланысты атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету министрлік алдында тұрған басты міндеттердің бірі екенін айтты.

Су Кодексіне сәйкес министрлік елді мекендердің шекарасына дейін сумен жабдықтау функцияларын жүзеге асырады. 

Қазіргі уақытта республика бойынша жалпы ұзындығы 15,5 мың шақырым болатын 74 топтық су құбыры бар. Оның ішінде республикалық меншікте 13 мың шақырымды құрайтын 37 топтық су құбыры тіркелген. Олар жалпы 1 млн-нан астам адамы бар 608 ауылдық елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуде, - деді министр Үкімет отырысында.

Ол 2019-2020 жылдар аралығында тиісті қаржы бөлініп, әлеуметтік маңызы бар бірқатар топтық су құбыры бойынша құрылыс жұмыстары аяқталғанын айтты. 

Нәтижесінде бұған дейін сапалы ауыз суы болмаған 37 ауылдық елді мекен бойынша жаңадан су құбырлары салынып, 46 мыңға жуық тұрғын таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар 1 қала мен 39 ауылдық елді мекеннің ескі су беру жүйесі қайта жөндеуден өтіп, ауыз судың сапасы артады. Бұл 287 мың тұрғынды қамтиды, - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Сонымен қатар 2020 жылы топтық су құбырының құрылысы басталды.

Олар жаңадан салынып жатқан Ақмола облысындағы Макинск пен Ақтөбе облысында Жанысби және Қарағанды облысындағы Есқұла су құбырының жаңа бөлігі салынуда. Бұл су құбырлары 2021 жылы пайдаланылуға беріледі. Нәтижесінде 3 ауылдық елді мекеннің 1 300 тұрғыны сапалы ауыз суға қол жеткізеді, - деді ол өз баяндамасында.

Оның айтуынша, 3 қаланың су құбырлары жаңартылады. Онда 94 мыңнан аса тұрғын тұрады.

Өзгелердің жаңалығы