Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жаңа экологиялық Кодекс қоршаған орта саласы бойынша ақпарат алу кедергілерін азайтады.
Алайда сенімді мәліметтерді толық көлемде алуға тосқауыл болатын бірқатар мәселелер бар. Солар шешімін табуы қажет. "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырған "Экология саласындағы ашықтық: Ақпарат алудың заманауи" жолдары пікірталас алаңы барысында сарапшылар осындай пікірді ортаға салды.
"Рухани жаңғыру" ҚҚДИ Басқарма төрағасының орынбасары Әсем Қайдарова бүгінде институттың қолға алуымен әлеуметтік салалар бойынша ақпараттық ашықтық тұрғысында қазіргі заңнамадағы кем-кетіктер айқындалып, сараптаулардың жүргізіліп жатқандығын айтты.
Бүгінде біз өте маңызды, әрі күрмеуі қиын күрделі мәселені қарастырып жатырмыз. Табиғатты қорғау үшін жан-жақты және үздіксіз ақпарат беріп отыру қажет. Өйткені, экология саласы халықтың денсаулығына тікелей әсері бар, болашақ ұрпаққа не қалдырамыз деген мәселені де қамтиды, - деді Әсем Қайдарова.
Онлайн пікірталас алаңының модераторы болған "Қазақстан экологиялық ұйымдар қауымдастығы" ЗТБ Басқарма төрағасының орынбасары Елдос Абақановтың айтуынша, "Экология туралы" Кодекске сәйкес, бүгінде барлық ақпарат қолжетімді. Дегенмен, бұған дейін мемлекеттік органдардың толық емес, мардымсыз ақпарат берген кездері де кездескен.
Алайда ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі құрылғалы жағдай әжептеуір жақсарды. Бұл бағытта нәтижелі жұмыстардың жүріп жатқаны бірден көзге түседі, - деді Елдос Абақанов.
Осы орайда сарапшы Кодекске экологиялық ақпарат иелерінің "құқығы" және "міндеті" түсініктерін енгізу мәселесін қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ, оның баршаға қолжетімді етудің жолдарын атап өтті.
Жаңа экологиялық кодекстің жобасы ақпарат алудағы кедергілерді барынша азайтады. Дегенмен, аталмыш процессті жеңілдетудің 3 жолын ұсынар едім. Олар: цифрландыру, жүйелендіру (мәліметтердің толыққандылығы мен сенімділігі) және автоматтандыру, - деп қорытындылады Абақанов.
Пікірталасқа орталық мемлекеттік мекемелердің, жергілікті атқарушы органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, ғылыми-зерттеу институттары мен университеттердің өкілдері және қоғам сарапшылары қатысты.