Эколог жер бетіндегі тіршілік иесінің қашан жойылатынына болжам жасады

13 Ақпан 2019, 17:20
3612
Бөлісу:
Эколог жер бетіндегі тіршілік иесінің қашан жойылатынына болжам жасады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазір жердің температурасы 0,5 градусқа көтерілді, егер ол 1,5 жетсе барлық тіршілік иесі жойылады. Бұл туралы «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов Алматыда өткен брифингте айтты.

Ол экология тек бізде ғана емес, күллі әлем бойынша нашарлап жатқанын және бұл мәселе Польшада өткен экологтардың дүниежүзілік ХХІ саммитінде тағы да көтерілгенін жеткізді.

«Бұл қауіпті сезінбеген елдер ғана оған көңіл бөлгісі келмей отыр. Қазір жердің температурасы 0,5 градусқа көтерілді. Соның салдарынан табиғи апаттар жиілеп кетті. Небір тарнадо, тайфундар, жер сілкіністері, ұйықтап жатқан вулкандар оянуда, мұның бәрі соның кесірінен орын алуда. Қазір Америкадағы супервулканның ояну қаупі бар. Егер ол жарылса, Америка түгелдей жойылады. Оның салдары барлығымызға әсер етеді», - деді ол.

Сонымен қатар, ол күннің жылынуынан жер бетіндегі барлық мұздықтар еріп жатқандығын жеткізді. Олардың барлығы еріп біткенде әлемдегі мұхиттардың деңгейі 60 метрге дейін көтеріледі және оның арты өте қорқынышты жағдайға әкелмек.

«Алдағы уақытта жердегі температура 1,5 градусқа көтерілуі мүмкін деп жатыр, ол кезде тіршілік иелерінің барлығы жойылады. Бұл объективті мәліметтер соңғы саммитте айтылды. Ғалымдар бұл мәселеге қазірден дабыл қағуда, алайда үлкен өндіріспен айналысып жатқан елдердің басшылары оған құлақ асар емес. Қазір жерді ластап отырған басты елдер: АҚШ, Қытай, Ресей және Үндістан», - деді эколог.

Оның айтуынша, өндіріспен айналысатын елдер экологияны ластамау мәселесінде бір келісімге келе алмай отырған көрінеді.

«Трамп Париж келісімінен шығатынын мәлімдеді. Ол құжат 2020 жылдан бастап жұмыс істей бастайды, оған Қазақстан да қол қойған болатын. Оның ережесін бұзғандарға қарсы қатаң санкция салынады. Париж келісімін Еуропа елдері қолдап отыр, өйткені экологиялық ластануды олар қазірден сезінуде. Бұл мәселеде Қазақстан да тыс қалып отырған жоқ, өйткені еліміздегі мұздықтардың 40%-ы еріп бітті. Біздегі судың басым көпшілігі тау суынан алынады. Экологияны сақтауды қазірден қолға алмасақ, келешекте Каспий, Арал теңіздерінен, тіптен Балқаш көлінен де айырылып қалуымыз мүмкін», - деді ол.

Мэлс Елеусізовтің айтуынша, еліміздегі мұздықтар еріп, жойылып кету алдында тұр. Оларды қазірден қалыпқа келтірмесек, ертең Балқаш көлінен айырылып қалу қаупі бар екен.

«Жақында Хан тәңірі шыңына шықтым, ондағы мұздықтар еріп, өте нашар жағдайда тұр. Егер мұздықтар еріп бітсе, Балқаштағы су бірден ортаяды. Оған құятын Іленің де деңгейі түсіп кеткен. Халықаралық конвенциядан шығып кеткен Қытай өз жерінен ағып өтетін суларға ойына келгенін істеуде», - дейді эколог.

Сөз соңында ол өндіріс ошақтарын азайтып, ауаға бөлінетін көміртегінің мөлшерін қазірден төмендетпесек, алдағы 30-40 жылда жердің температурасы 1,5 градусқа жоғарылайтынын және ол кезде барлық тіршілік иесі жойылатынын жеткізді.

Еске салсақ, «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов БАҚ өкілдерімен кездесу кезінде елімізде экологияны қорғайтын саяси ұйым құратын уақыт жеткенін айтты.

Әділет Мұсахаев


Өзгелердің жаңалығы