Екібастұзда темір жол бойында күкірт қышқылы төгілді

28 Тамыз 2023, 22:34
952
Бөлісу:
Екібастұзда темір жол бойында күкірт қышқылы төгілді
Фото: Павлодар облыстық ТЖД

Екібастұзда темір жол бойында күкірт қышқылы төгілді, тасымалданып келе жатқан күкірттің жалпы көлемі 78 тоннадан асады, деп хабарлайды BAQ.KZ Рavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бүгін, яғни 28 тамыз күні сағат 16:40-та әскерилендірілген темір жол күзетінің кезекшісінен Екібастұз қаласы, Екібастұз-2 станциясы, № 6 жол цистернадан күкірт қышқылының ағып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Тасымалданатын күкірт қышқылының жалпы көлемі - 78,3 тонна яғни 2 вагон.

Оқиға болған жерді полиция басқармасының, әскерилендірілген темір жол күзетінің қызметкерлері қоршауға алды. Сол жерде ЖАО, ТЖД, ҰҚК, прокуратура, ПЮ, СЭД қызметкерлері мен тасымалдаушы өкілдерінен тұратын жедел штаб құрылды, - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта қышқыл төгілген жерге құм және әк себіліп жатыр. Бұдан бөлек, ҚТЖ-ға 300 келі әк жеткізілді.

Қосымша Үшқұлын станциясынан 5 тонна әк жеткізу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде Үшқұлын станциясынан транзиттік поезбен күкірт қышқылын жою үшін сыйымдылығы 65 тонна болатын екі қышқыл цистернасын жеткізу ұйымдастырылды. Сағат 21.00-дегі жағдай бойынша цистерналар жолда, - деп толықтырды департамент.

Қышқылды басқа резервуарларға құю бойынша жұмыстарды жүргізбес бұрын ТЖД құтқарушылары күкірт ағып кеткен жерге таңғыш салу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы