Екібастұз қаласында екі өндіріс ошағы салынады

12 Қазан 2022, 15:21
1115
Бөлісу:
Екібастұз қаласында екі өндіріс ошағы  салынады
Фото: автордан

Ертіс өңірінде кешенді даму жоспары шеңберінде алдағы бес жылда аймақ экономикасына 5 трлн теңге тартылады. Олардың жартысы – шетелдік инвестициялар, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Облыстың кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ернұр Жәутікбаевтың айтуынша, салалық мекеме жалпы сомасы 2,2 трлн теңгеден астатын 143 жобадан құралған тізім әзірледі.

Жобалар шеңберінде 9600 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Өткен жылдан бері аймақтық инвестициялық штаб жұмыс істейді. Биыл 66 жобаны іске қосу жоспарланған. Бұдан бөлек экспорттық нарықты ұлғайту бойынша тиісті жұмыстар қолға алынған. Алдағы бес жылда Екібастұз қаласында екі жаңа кәсіпорын ашылады. Нақтырақ айтсақ, теміржол саласына арналған білік пен бандаждар өндірісін іске қосуға 78 млрд теңге инвестиция құю жоспарланған. Павлодар қаласында алкилат өндіру жобасы жүзеге асырылмақ, - дейді басқарма басшысы. 

Бұл жобалардың арқасында 2025 жылға қарай өндіріс көлемі 329 млрд теңгеге артады. Павлодар облысы шетелдік, әсіресе, ресейлік инвесторлар үшін тартымды.

Аймақ делегация жазда Екатеринбург қаласында өткен ХІІ халықаралық өнеркәсіптік көрмесіне қатысты. Іскери форум барысында екі кәсіпорын кабель пластиктерін жеткізу бойынша уағдаласты. Алдағы уақытта шетелдік компаниялармен бірқатар жоба бойынша келіссөз өткізбекпіз. Ол үшін бос жер учаскелері мен өндірістік әлеуетіміз бойынша арнайы карта әзірлейміз, - дейді Ернұр Жәутікбаев.  

Өзгелердің жаңалығы