Екібастұз қаласын дамытуға 900 млрд теңгеден астам сома бөлінеді

21 Қыркүйек 2021, 09:36
4261
Бөлісу:
Екібастұз қаласын дамытуға 900 млрд теңгеден астам сома бөлінеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Үкімет отырысында айтты. 

Министр Павлодар облысы Екібастұз қаласының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік - экономикалық дамуының кешенді жоспарының жобасы туралы айтып берді.

Кешенді жоспар инвестициялық жобаларды іске асыруды, тұрғын үй, инфрақұрылымды, әлеуметтік саланы дамытуды, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және экологиялық мәселелерді жақсартуды көздейтін 114 іс-шарадан тұрады. Жоспарды іске асыратын инвестициялардың жалпы сомасы 932,8 млрд теңгені құрайды, оның ішінде РБ – 64,7 млрд теңге, ЖБ – 33,5 млрд теңге, жеке инвестициялар – 834,6 млрд теңге, - деді ол.

Ерғалиев атағандай, жалпы сомасы 822,3 млрд теңгеге қаланың экономикасын дамыту үшін өнеркәсіпті, агроөнеркәсіптік кешенді, энергетиканы, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған 35 іс-шараны іске асыру жоспарда көзделген.

 

Өнеркәсіпте 400 гектарға индустриялық аймақ құру, ферроқорытпалар, техникалық кремний, металлургиялық көмір электродтары, темір жол үшін соғылған бұйымдар бойынша зауыттар салу көзделген. Бұдан басқа көмір өндірудің автоконвейерлік технологиясына көшу көзделеді. Агроөнеркәсіптік кешенде жылы жайлар аумағы 30 гектардан 60 гектарға дейін кеңейтіледі, нан-тоқаш және макарон өнімдері, 2 бордақылау алаңы өндірісі бойынша кешендер салынады, сондай-ақ су армалы жерлер 10 мың гектарға ұлғаяды, - деді Ерғалиев.

Оның айтуынша, энергетика саласында жалпы қуаты 1136 МВТ болатын 2 энергоблок салынады. 

Кәсіпкерлікті дамыту үшін «Бизнестің жол картасы – 2025», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Еңбек» бағдарламалары шеңберінде кәсіпкерлердің кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар беру көзделген, - деді ол.

 

 

Өзгелердің жаңалығы