Екібастұз әкімі: Қазіргі уақытта 1200-дей отбасы жылусыз отыр

5 Желтоқсан 2022, 20:10
850
Бөлісу:
Екібастұз әкімі: Қазіргі уақытта 1200-дей отбасы жылусыз отыр

Бұл туралы Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин жедел штабтың Екібастұз қаласын жылумен қамту бойынша қазіргі жағдайына қатысты өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, қалада әлі 12 үйдегі пәтерлерге жылу берілген жоқ. 

Кеше айтылған мәліметтерге сәйкес, бізде барлық жылусыз қалған үйлерге жылыту бірліктері толығымен жеткізілді. Кеше, бүгін пәтерлердің ішіндегі регистрлерді ауыстыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Келесі алдымызда тұрған мақсат – осы регистрлерді, тіреушелерді қалпына келтіргеннен кейін жертөлелердегі жылыту бірліктеріне әкелінген жылуды жоғарғы қабаттағы пәтерлерге көтеру, - деп атап өтті қала басшысы. 

Сонымен қатар әкім бүгінде шамамен 1200-дей отбасының суық үйде отырғанын айтты. 

Қазіргі сәтте 12 үйдің пәтерлеріне жылу берілмеген. Ал 12 үй деп жалпы атап отырған себебіміз, барлық пәтерге жылу толықтай іске қосылмаған, ішінара қосылған, - деп нақтылады Аян Бейсекин. 

Еске сала кетейік, 27 қараша күні Екібастұз қаласындағы жылу-электр орталығында орын алған апат салдарынан қала жылусыз және ыстық сусыз қалған еді. 

28 қараша күні қалада ТЖ режімі жарияланды.

Бұған дейін  Павлодар облысы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Олег Крук жетпістей жер үйдің жылусыз отырғанын айтқан болатын. 

Сонымен қатар Олег Крук қаладағы әлеуметтік нысандарға, соның ішінде мектептер мен балабақшаларға қашан жылу беріле бастайтынын айтты. 

Өзгелердің жаңалығы