Екі ай бойы ақшасыз отырған құрылысшыларға жалақының бір бөлігі берілді

14 Наурыз 2021, 17:23
2552
Бөлісу:
Екі ай бойы ақшасыз отырған құрылысшыларға жалақының бір бөлігі берілді
Фото: автордан

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде екі ай бойы айлық ала алмай отырған жұмыскерлер жалақысының бір бөлігі өтелді. 

Облыс орталығының іргесіндегі Жетекші ауылында мектеп салып жатқан бір топ тас қалаушы екі ай бойы жалақысыз отырды. Мердігер ұйым жұмыскерлерге шамамен 6 млн теңге қарыз болып қалған. 

300 орындық білім беру нысанының іргесін қалауға 20 шақты тас қалаушы атсалысқан. Бастапқыда жалақыларын апта сайын, өз уақытында алып тұрған. Кейін қиындықтар туындады. 

Құрылысшы Ренат Абдазиевтің айтуынша, бір тас қалаушы аптасына 150 мың теңге табады. 

Біз суық демей, аяз демей жұмысымызды тоқтатпадық. Соңғы екі айда жалақы көрмей қалдық. Сондықтан жұмысымызды уақытша тоқтатуға мәжбүр болдық. Өзіміз Екібастұз қаласынан келіп жұмыс істейміз, - дейді құрылысшы. 

Бұл мәселеге жергілікті билік пен аймақтағы еңбек инспекциясы араласты. Павлодар облыстық еңбек басқармасының мемлекеттік инспекторы Айнұр Ысқақованың айтуынша, 4 құрылысшы шағымданып, өтініш жазған. Бірақ екі күн өткен соң өтініштерін қайтарып алған. 

Мәселе оң шешімін тапты. Сонымен қатар жұмысшылардың мердігер ұйыммен еңбек қатынасында тұрмағаны анықталды. Яғни еңбек шарты жасалмаған. Осындай олқылық болды. Құжат болмаса, құрылысшылар өз құқықтарын қорғай алмауы мүмкін. Жалпы былтырғы жылы еңбек басқармасына еңбек қатынастары бұзу бойынша 1143 өтініш түсті. Еңбек инспекторлары араласқан соң олардың басым бөлігі шешілді. Нәтижесінде 1312 жұмыскер алдындағы 105,6 млн теңге өтелді, - дейді Айнұр Ысқақова. 

Айта кетейік, мектеп құрылысына 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Жобаны жүзеге асыруға Павлодар қалалық әкімдігі тапсырма берген. Мемлекеттік мекеме мердігер ұйым алдындағы қаржылық міндеттерін толық өтеген. 

Павлодар қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Салтанат Әкімбекованың айтуынша, құрылыс компаниясына 2020 жылы 18 млн теңге, ал 2021 жылдың қаңтар-ақпан айларында 8,5 млн теңге төленген. 

Жұмыскерлердің өтініші бойынша Павлодар әкімдігі жауапты кәсіпорындарға өз шарттарын қойды. Нақтырақ айтқанда, жұмыскерлердің жалақы қорын сапалы үлестіруді тапсырды. Сонымен қатар бұл істі сауатты жоспарлау жөнінде міндеттеді. Қазіргі уақытта құрылысшыларға аванс төленді. Жауапты ұйым жалақы бойынша қарыздарды алдағы екі аптада жоюға уәде берді, - дейді Салтанат Әкімбекова. 

Мектептің құрылысы осы жылдың тамыз айында аяқталады деп күтілуде. Құрылыс жұмыстары кестеге сай жүргізіліп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы