Мәжілістен кеткен экс-депутаттардың қаншасы жаңа жұмыс тауып үлгерді

11 Ақпан 2021, 10:37
7308
Бөлісу:
Мәжілістен кеткен экс-депутаттардың қаншасы жаңа жұмыс тауып үлгерді
EX

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл 10 қаңтардағы сайлаудан кейін Мәжілістің құрамы айтарлықтай өзгерді. Осы ретте бұрынғы алтыншы шақырылымда депутат болғандардың арасында қайсысы жаңа қызметке тұрып үлгерді? 

Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Кәрібай Мұсырман бір мерзім отырды да, жылы кресломен қош айтысты. Енді ол өзіне жақсы таныс журналистикаға қайта оралды. Қазір елордада Egemen Qazaqstan газетінде бас редактордың орынбасары қызметін атқаруға кірісті.

Ал Марат Бопазов QazIndustry басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Ол бұған дейін Парламент Мәжілісінің VI шақырылымының депутаты, экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі болған.

«QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығында» Марат Бопазов өнеркәсіптік даму мәселелеріне жетекшілік етпек.

Депутаттықтан кеткенімен, әкім болғандары да бар. Мысалы, Серік Құсайынов Алматының Алмалы ауданына әкім болды.

Серік Досымханұлы 1964 жылы туған, Алматы облысының тумасы, Қызыл Ту орденді Қазақ ауыл шаруашылығы институтын және Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын тәмамдаған, Мемлекеттік және муниципалдық басқару магистрі.

Әкім болғандардың арасында Нұржан Әшімбетов те бар. Ол Павлодар облысының Ақсу қаласын басқарады.

Нұржан Әшімбетов 1969 жылы Павлодар облысы Лебяжі ауданы Черное ауылында дүниеге келген.2019 жылғы қыркүйекте Парламент Мәжілісі VI шақырылымындағы депутаты болды.

Мәжілісте екі мерзім депутат болып отырған Ирина Аронова енді Қостанайдың кәсіподақ ұйымына жетекшілік етеді.

Парламенттен кеткен соң, алдымда екі таңдау тұрды. Елордада қала беру немесе Қостанайға оралу. Мен бір минут та ойланбадым. Өйткені өз қалам Қостанайды жақсы көремін. Жергілікті тұрғындары ерекше. Қостанай - менің үйім. Кәсіподақ ұйымына келетін болсақ, мұндағы жұмыс маған таныс. Мен депутат кезімде бірнеше рет ұжыммен кездескенмін, тіпті «Кәсіподақтар туралы» заңға да араластым, - дейді Ирина Аронова.

Ал Шавкат Өтемісовке Экология министрлігінен жұмыс табылды. Ол министрліктің аппаратын басқаруға кірісті.

Мәжілісте Нұрлан Нығматулиннің орынбасары болған Гүлмира Исимбаева Абай атындағы ҚазҰПУ Директорлар кеңесінің төрайымы болып сайланды.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ректорат жиналысында Гүлмира Исимбаеваны Директорлар кеңесінің төрайымы ретінде министрлік тарапынан жасалған ұсынысты қабылдағаны үшін рақметін айта отырып, оны жаңа қызметімен құттықтады. Гүлмира Истайбекқызының заң шығару саласында, ҚР «Білім туралы», «Педагог мәртебесі туралы» заңдарын талқылау және оның қабылдау кезінде зор үлес қосқаны туралы ерекше атап өтті.

Ал Олимпиада чемпионы Ольга Шишигина туған қаласы Алматыға оралған. Әзірге жаңа қызметке кіріскен жоқ.

Ұсыныс күтіп отырмын. Негізі қызметке шақырушылар бар. Бірақ ол жұмыстарға күмәнданамын. Жұмыс деген жаныңа жақын болуы керек. Оның үстіне көптен үйде болған жоқпын. Біраз уақыт үйде отыра тұрғым келеді. Елордаға үйренісе алмадым. Енді тек Алматыда қызмет атқарамын, - дейді Ольга Шишигина «Караван» газетіне берген сұхбатында.

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін сомдаған актер Нұрлан Әлімжан аз уақыт қана Мәжілісте депутат болды. Жаңа шақырылымға ол іліккен жоқ. Телеграмдағы каналдардың бірі актерді Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет басқармасына қызметке келеді деп инсайдерлік ақпарат таратқан. Бірақ әзірге ресми жаңалық жоқ.

Нұржан Әлтаев осы күні «El tiregi» атты жаңа партия құру жұмысымен айналысып жүр.

Мәжілісте 17 жылға жуық депутат болған Нұртай Сабильянов туралы әзірге жаңалық жоқ. Өткен шақырылымның ең егде депутаты Владислав Косарев та тым-тырыс...


Өзгелердің жаңалығы