Екатеринбургте өткен көрмеде қазақстандық 250 компания өз өнімдерін ұсынды

10 Шілде 2023, 19:23
758
Бөлісу:
Екатеринбургте өткен көрмеде қазақстандық 250 компания өз өнімдерін ұсынды
Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Ресейдің Екатеринбург қаласына жұмыс сапары аясында «Иннопром» халықаралық өнеркәсіптік көрмесін аралап, іс-шараның «Тұрақты өндіріс. Жаңарту стратегиялары» атты негізгі стратегиялық сессиясына қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Биыл «Иннопром» көрмесінде ұлттық экспозицияларын Армения, Беларусь (серіктес ел ретінде), Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан ұсынады, ал, Бахрейн, Египет, Үндістан, Иран, БАӘ, Сербия, Түркия сияқты басқа да елдердің ресми және бизнес-делегациялары қатысушылар ретінде жария етілді.

Екатеринбургте өткен көрмеде қазақстандық 250 компания өз өнімдерін ұсынды

Көрменің негізгі бөлімдері металл өңдеу, көлік машинасын жасау, энергетика, автоматтандыру және робототехника, цифрлық өндіріс және т. б. арналған. Қазақстандық павильонның жалпы ауданы 900 шаршы метрді құрайды – мұнда өнеркәсіптің түрлі салаларындағы жетекші 250 отандық компания орналасқан.

Көрменің экспозициясын аралап көрген Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайыловқа, Беларусь Премьер-Министрі Роман Головченкоға және Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинге өнеркәсіп өнімдері мен тиісті технологиялардың соңғы үлгілері таныстырылды.

Әлихан Смайылов негізгі стратегиялық сессияда сөйлеген сөзінде өңдеу өнеркәсібіндегі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының оң қарқынын атап өтті. Сондай-ақ 2019 жылдан бері екі ел өндірістік кооперация бойынша бірлескен іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асырып келеді.

«Бүгінде біздің бірлескен жобалар пулымыз жалпы инвестиция көлемі $33 млрд-тан асатын 125 жобаға дейін кеңейтілді. Оның ішінде жалпы құны $3,2 млрд-ты құрайтын 30 жобаны жүзеге асырдық», — деді Премьер-Министр.

Атап айтқанда, ол «Татнефть» компаниясымен шиналар, «Трансмашхолдингпен» магистральдық дизельдік және электровоздар, «Евразкабельмен» кабельдік-өткізгіш өнімдер шығару сияқты ірі жобаларды мысалға келтірді. Сонымен қатар шамамен жалпы құны $17 млрд-ты құрайтын тағы 40 бірлескен жоба жүзеге асырылуда және $14 млрд болатын 55 жоба пысықтау сатысында.

Үкімет басшысы атап өткендей, көрмеге 250 компания мен мыңға жуық адамнан құралған қазақстандық делегация қатысуда, бұл қазақстандық бизнестің бірлескен жаңа бастамаларды жүзеге асыруға дайын екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Екатеринбургте өткен көрмеде қазақстандық 250 компания өз өнімдерін ұсынды

Сондай-ақ ол Қазақстан мен «Иннопромның» серіктес елі – Беларусь арасындағы өнеркәсіптік кооперация биыл 11 инвестициялық жобаны қамтитынын атап өтті.

«Тұтастай алғанда, біздің елдерімізде бизнестің өсіп келе жатқан белсенділігін ескере отырып, бірлескен жобалардың ағымдағы портфелін кеңейтуге мүмкіндік бар және оны пайдалану қажет. Ол үшін бізде қажетті жағдайдың бәрі бар», — деді Әлихан Смайылов.

Ол Қазақстанда шикізат беруден бастап дайын өнімді сыртқы нарыққа шығаруға дейінгі толық өндірістік циклды қолдау шаралары заңнамалық деңгейде бекітілгенін, ал жер қойнауын пайдаланушылар үшін кен орындарын игеру құқығын алудың аукциондық тетігі қарастырылғанын айтты. Бұл ретте әлеуетті инвесторлар жеңілдетілген несиелендіру құралдарын, ұзақ мерзімді келісімдер мен офтейк-шарттарды пайдалана алады.

Екатеринбургте өткен көрмеде қазақстандық 250 компания өз өнімдерін ұсынды

Сондай-ақ жер телімдерін бөлу, инфрақұрылым және басқа да мәселелер бойынша жергілікті деңгейде қолдау көрсетіледі. Ал кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында бизнеске қажетсіз талаптарды азайтатын «таза парақтан» реттеу енгізіліп отыр.

«Иннопром» қазірдің өзінде екі ел арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны нығайту және жаңа бірлескен бастамаларды іске асыру үшін дәстүрлі шараға айналды», — деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.

 

Өзгелердің жаңалығы