eGov-та жаңа қызмет: Ауруханаға шұғыл түскен жағдайда жақындарыңызға бірден хабар беріледі

Қазақстанда азаматтар ауруханаға шұғыл түскен жағдайда олардың жақындарына SMS арқылы хабар беретін жаңа сервис іске қосылды.

 gov.kz 1 Қыркүйек 2026, 11:37
1 Қыркүйек 2026, 11:37
156
Фото: gov.kz

eGov.kz порталында және eGov Mobile мобильдік қосымшасында шұғыл емдеуге жатқызу туралы хабарлама жіберетін жаңа тегін сервис іске қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Егер адам жол апатына түсіп, кенеттен ауырып қалып немесе басқа да себеппен ауруханаға түссе, жақындары бұл туралы бірден біле алады. Ол үшін жүйеде алдын ала таңдалған жақын адамына автоматты түрде хабарлама барады. Бұл әсіресе адам өздігінен хабарласа алмайтын жағдайда өте қолайлы. Осы мақсатта eGov порталында «Емдеуге жатқызылған жағдайда хабарлау үшін сенім білдірілген байланыстарды тіркеу» қызметі іске қосылды.

Жаңа қызмет арқылы азаматтар шұғыл жағдайда хабар ошар жіберілетін үш сенім білдірілген адамға дейін белгілей алады. Көрсетілетін байланыстағы тұлға 18 жастан асқан және Мобильдік азаматтар базасында тіркелген болуы шарт.

Бұл жоба Денсаулық сақтау министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірлескен жұмысы аясында жүзеге асырылды.

Сервисті қалай қосуға болады?

  • eGov.kz порталы арқылы: Порталда авторизациядан өту; «Емдеуге жатқызылған жағдайда хабарлау үшін сенім білдірілген байланыстарды тіркеу» қызметін таңдау; Сенім білдірілген адамның ЖСН-ын енгізу.
  • eGov Mobile арқылы: Қосымшада «Мемлекеттік қызметтер»; «Денсаулық сақтау» бөліміне өту; «Сенім білдірілген байланыстарды тіркеу» қызметін таңдау.

Пайдаланушы дербес деректерді өңдеуге келісім берген соң, көрсетілген адамға SMS-хабарлама келеді. Растау үшін жауап ретінде 911 кодын, ал бас тарту үшін 912 кодын жіберу қажет. Шешім қабылдауға 5 сағатқа дейін уақыт беріледі.

Сенім білдірілген байланыс тіркеуді растағаннан кейін мәліметтер Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіне жіберіледі. Өтінішті өңдеу 10 минутқа дейін уақыт алады.

Тіркеудің мәртебесін eGov.kz-тегі «Жеке кабинетте» немесе eGov Mobile-дағы «Хабарламалар – Жеке кабинет тарихы» бөлімінен көруге болады.

Наверх